Жетісу облысының Панфилов ауданында кішкентай бүлдіршінді ұрып-соққан әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаркент қаласындағы WhatsApp топтары мен әлеуметтік желілерде тараған жан түршігерлік бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырды. Видеода 28-жастағы әйелдің 3-4 жас шамасындағы өз баласын тепкілеп, қолын бұрап, аяусыз дене жарақатын салғаны көрінеді. Оқиғаға қатысты Жетісу облыстық Полиция департаменті жедел тексеру жүргізіп, күдіктіні қолға түсірді.
Қазіргі уақытта балалардың өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, екі бала барлық мән-жай анықталғанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданады», – деп мәлімдеді Руслан Чарапиев.
Бұл оқиғаның ең сорақы тұсы – бүлдіршін соққыға жығылып жатқанда, оның әкесінің жанында болып, ешқандай араша түспеуі. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам бұл жайтты үнсіз ғана телефон камерасына түсіріп отырған. Қазіргі таңда тергеушілер әкенің де іс-әрекетіне құқықтық баға беріп жатыр. Қазақстан заңнамасына сәйкес, баланың өміріне қауіп төнген сәтте әрекетсіздік таныту да жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін.





