Қазақстан жасанды интеллектіні тек бейбіт мақсатта пайдалану қажеттігін батыл түрде мәлімдейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық форумында айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Отыз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік жолын таңдап, ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Бүгінде еліміз жасанды интеллект бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс деп батыл түрде мәлімдейді. Оның әскери салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында Қазақстанның Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалогқа атсалысуға дайын екенін растағанын атап өтті.
– Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауының негізгі бағыты цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесіне арналатынын еске салды.
– Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз, – деді Президент.





