Облыстық дін істері басқармасына қарасты «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің діни экстремизм құрбандарын оңалту бөлімінің басшысы Нұрсейіт Үсіпбек Талдықорған гарнизонында орналасқан Десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінде «Терроризм мен экстремизмге жол жоқ» атты кездесу өткізді.
Шара барысында қатысушыларға Ислам дінінің тарихы, маңызы мен қазақ руханиятындағы алар орны және жат ағымға ермеудің алғышарттары мен олардан келетін қауіп-қатер түсіндіріліп, адамзат өміріндегі діннің маңыздылығы сөз болды. Сондай-ақ, қазіргі жастардың діни білімді дұрыс алуына баса мән беру керектігі, кез келген мәліметті ой елегі мен сана сүзгісінен өткізу қажеттілігі айтылды. Қандай да бір діни сұрақ туындаған жағдайда облыста арнайы құрылған сенім телефонына хабарласу керектігі ескертілді. Атап айтқанда, «8 800 080 28 95» ұялы байланыс нөміріне хабарласып, дінге байланысты қанағаттанарлық жауап алуға болатындығы ұғындырылды.
Кездесу аясында «Террористік актілер және олармен күрес» атты бейнеролик көрсетіліп, терроризм мен діни экстремизм және деструктивті діни ағымдар жайлы толық түсінік берілді. Қатысушылар тақырыпқа байланысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Алдағы уақытта да көпшіліктің көңілінен, зердесінен орын алатын бастамалар мен шаралар өз жалғасын табатын болады.
Жанат СЕМБАЕВ,
капитан, Талдықорған гарнизоны
баспасөз қызметінің бастығы





