Дариға Назарбаева бастаған Қазақстан Республикасы Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы қаласы мен облысындағы әскери құрамдарына арнайы іссапармен келді. Сенаторлар Заречный елді мекенінде орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындығына арналған орталық жұмысымен танысты. Кездесу барысында ҚР Ұлттық ұланының қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов арнайы мақсаттағы бөлімшелердің дайындығын пысықтайтын орталықтың қызметімен таныстырды. Өз кезегінде сенаторлар өңірдегі қорғаныс жүйесін жетілдіру мен күш-қуат органдарының әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде ой бөлісті. Кездесудің ерекшелігі сол, сенаторлар назарына әскери техниканың, қару-жарақ пен қорғаныс құралдарының жаңа үлгілері, сондай-ақ, аса жауапты жауынгерлік барлау тапсырмаларын орындауға міндеттелген «Бүркіт» жасағының жаттығу шаралары ұсынылды. Шара кезінде тактикалық атысқа арналған екі аңғар ішінде көлемі 180 шаршы метрлік мультимедиалық экран арқылы атыс әдістері көрсетілді. Мультимедиалық кешенде сарбаздар 600-ге жуық сценарийлік атыстың түрлі тәсілін үйреніп жаттығады. Сонымен қатар, жауынгерлердің шынайы жағдайда жаттығуына арналған, қабырғалары болаттан жасалған, оқ өткізбейтін, арнайы баллистикалық резинамен қапталған нысандар орналастырылған. Мұндай нысандар дүниежүзінде АҚШ пен Иорданияда және біздің елде ғана салынған. Жаттығу алаңында «Лаңкес тұтқын» нысаналары бойынша парашютсіз тікұшақтан шатырға қонатын бос үй макеттері, мергендердің оқу-жаттығуы үшін тау альпинизміне арналған төрт қабатты ғимарат та бар.
Орталықта 500 адамға арналған заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған казарма, 400 орынды клуб, асхана, 96 пәтерлі жатақхана, медициналық пункт, екіқабатты спорт кешені, саптық алаң, кинологиялық қалашық, автотехника паркі, материалдық құндылықтарды сақтайтын қойма, ішкі қарауыл ғимараты және бақылау өткізу пункті салынған. Мұнда әскерлерге төтенше жағдай кезінде жүктелген міндеттемелерді лайықты орындау үшін жауынгерлік дайындықтарын кәсіби тұрғыда жетілдіріп, шыңдалуға зор мүмкіндіктер жасалған.
Айтып өтейік, бұл орталық өткен жылы Елбасы, ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған болатын. Сол кезде «Қайсар – 2016» кешенді оқу-жаттығуы өткізілген еді.
Іле ауданы.
Мақпал МЫСА





