Жетісудың жерұйғы саналатын жазиралы Жаркент өңірінде атқарылып жатқан іс ауқымды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік аудан атанған өңірдің көрсеткіші биыл да көңіл тоғайтады. Бұл жөнінде облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ ырысы артқан өңірге сапары барысында көзайым болдық.
СУБСИДИЯ КӨЛЕМІ АРТТЫ
Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы әуелі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс әкімінің қабылдауына кірген 3 адамның біреуі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келгенін айтып, тұрғын үйге несие алу мәселесін көтерді. Екінші тұрғын әлеуметтік аз қамтылған отбасы екенін айтып, газ тегін қосылса деген өтініш білдірді. Үшінші тұрғын субсидия ала алмай отырғанын алға тартты. Қуантарлығы тұрғындар көтерген 3 мәселе де шешімін табатын болды. Осыдан кейін халықпен кездесу жиыны басталды.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесуде Бейбіт Өксікбайұлы облысымыздың әлеуметтік экономикалық дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоба-жоспарларды таныстырып, аудандағы ілкімді істерді кеңінен баяндады.
– Панфилов ауданы – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және логистика салаларын кешенді дамытуға қолайлы, экономикалық әлеуеті жоғары өңір. Аудан облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Ауыл шаруашылығы саласында былтыр жалпы өнім көлемі 59,6 млрд. теңгені құрап, облыстағы үлесі 13,7% болды. Биыл 10 айда 46,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығы 21,5 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығы 25 млрд. теңге. Аудан жүгері дақылының өлкесі, облыстағы жүгерінің шамамен 55%-зы осы аймаққа тиесілі. Биыл 23,1 мың гектар жерге себілген дәндік жүгері толық жиналып, 182,5 мың тонна өнім алынды. Былтыр уәде еткенімдей, жүгеріге субсидия көлемі 10 теңгеден 12 теңгеге көтерілді, – дей келе жүгерінің отанына айналған өңірдегі диқандарға жайдарман жаңалығын жеткізді.
Расымен, қазір диқандарға мемлекет бар жағдай жасауда. Тек аянбай еңбек етсең болғаны. Мәселен, биыл ауданда орналасқан «Жаркент крахмал-сірне зауыты» өз қуатын 120 мың тоннадан 150 мың тоннаға дейін ұлғайтыпты. Сонымен қатар, Жаркент қаласында биыл 1,8 млрд. теңгеге күніне 120 тонна жүгері өңдейтін «KAZAHSTAN YUZHENG TRADING» зауыты іске қосылды. Ондағы өнім мал азығы ретінде Қытай, Өзбекстан және Иран мемлекеттеріне экспортталады екен. Мемлекет тарапынан аграрлық секторға қолдау көрсетіліп, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер берілуде, аудан диқаншылары осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Үкіметтің қолдауымен 512 млн. теңгеге 28 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алыпты. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 31 өтінім бойынша 394 млн. теңгеге жеңілдетілген несиелер берілген. Жалпы жыл басынан ауданның агроөнеркәсіп саласына 1,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл диқаншылар үшін керемет мүмкіндік. Ендігі мақсат – өндірілген өнімді қайта өңдеу үлесін көтеру. Бұл жөнінде аймақ басшысы нақты тапсырма берілсе де тауарлы-сүт, ет, құс фермаларын салу және ауыл шаруашылық тауарларын өңдеу кәсіпорындарын ашу бағытында нақты шаралар қабылданбағанын айтып, аудан әкіміне тиісті басқармалармен бірлесіп, аталған жұмыстарды қолға алып, нақты жоспар құрып, жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

ҚАЙТА ӨҢДЕУГЕ ҚАРҚЫН ҚАЖЕТ
Ауданның тағы бір әлеуеті – бау-бақша шаруашылығы. Облыс бақтарының 44%-дан астам алқабы жазиралы өңірде орналасқан. Десе де ауданда тек «КазГеоТерм» жылыжайы ғана жұмыс істейді. Ал 4,5 гектарда орналасқан «Sky Agro» ЖШС жылыжайының жұмысы тоқтап тұр. Ал өндірілген өнімді сақтауға арналған 8 қойма болса, оның ішінде «Валиев Аюпжан» шаруа қожалығының сыйымдылығы 7 мың тонналық заманауи қоймасын атап өтуге болады. Бұл жөнінде аймақ басшысы:
– Аудандағы шаруашылықтар тек жемісті өсіріп, сатумен айналысуда, жеміс-жидек өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Осы орайда, ауданда жаңа өңдеу кәсіпорындар мен қоймаларды салу жұмыстарын қолға алып, сондай-ақ, жылыжай шаруашылығын дамыту қажет. Сонымен қатар, «Жаркент Фрукт» серіктестігі қызметкерлеріне еңбекақы төлемегеніне бірнеше ай болған. Бұл мәселені жаңа жылға дейін шешуді тапсырамын, – деді.
Ауданның ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында соңғы 2 жылда 7 ауылда блокты-модульдік ветеринариялық пункттер орнатылып, автокөліктер сатып алыныпты. Жалпы, ветеринариялық қызметке жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.
Көктемнің әр күнін жылға азық санайтын жұртшылық үшін жер мәселесі өзекті. Сондықтан облыс әкімі бұл мәселеге кеңінен тоқталып, жер – халық қазынасы екенін айтып, пайдаланбай жатқан жерлерді қайтаруды, қайтарылған жерлерді конкурс пен аукцион арқылы әділ және заң шеңберінде табыстауды тапсырды. Айта кетейік, 2022-2025 жылдары пайдаланбай жатқан 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Бүгінге қайтарылған жердің 54 мың гектары айналымға қосылған. Оның 22 мың гектары фермер қожалығымен айналысамын деген азаматтарға берілсе, 32 мың гектары ауданның барлық ауылдық округтеріне қоғамдық жайылым ретінде бекітілді. Қайтарылған жердің 6 мың гектары фермер қожалығымен айналысамын деген азаматтарға конкурс арқылы 2026 жылдың 1-ші жартыжылдығына дейін берілетін болады.
СҰРАҚ ЖАН-ЖАҚТЫ, ЖАУАП САЛМАҚТЫ
Алмалы ауылының тұрғыны Серікбай Мұқаев:
– Алмалы – 3600 тұрғыны бар қазақы ауыл. Ауылдағы 3 көше асфальтталды, 4 көшеге жарықтандыру жасалды. Амбулатория салынды. Енді 1982 жылы салынған мектебімізді жасап берсеңіздер? Сонымен қатар, 1970 жылы салынған поштамызға жөндеу жұмыстары жүргізілсе? Т ағы сұрақ келесі аптадан бастап жүгеріні қабылдамай ма және әр үйге газ тегін қосыла ма?
– Ауылдағы 620 балаға арналған мектепте 800 бала оқиды. Ол мәселе кезекте тұр. Келесі жылы бюджетке өтінім беріледі. Поштаға қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Біз хат жазамыз. Газ үйдің іргесіне дейін тегін қосылады. Ары қарай өздеріңіз қосасыздар. Ал жүгері қабылдауда ешқандай қиындық болмайды.
Айдарлы ауылының тұрғыны Жұмаділ Бижанов:
– Ауылда 1 мың гектарға бақ егілген. Өкінішке қарай суға жарымағандықтан 500 гектар жеріміз қурап кетті. Біз Көктерек өзенінен су қоймасын салуды сұраймыз?
– Біз зерттеп, зерделеп алдағы уақытта бір шешімін шығарамыз.
Сарыбел ауылының тұрғыны Серік Бейсенбі:
– 2500 халық тұратын ауылымызда ауызсу тапшы. Бұл мәселе шешімін таба ма?
– Бұл мәселе басты назарда. Қазір Жобалық-сметалық құжаттары дайын, Мемлекеттік сараптамадан өтті.
Көктал ауылының тұрғыны Сайлау Сұлтанқұлов:
– Келесі жылы Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл. Осыған орай ауылымыздағы Ләззат Асанова көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіле ме?
– Шешім қабылданды, жөнделеді.

МҮМКІНДІГІ МОЛ «ҚОРҒАС ТОРАБЫ»
Облыс әкімінің айтуынша, ауданның өнеркәсіп саласында биылғы 10 айда 12,7% өсіммен 28,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін өнім көлемін 31,5 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұған ауданның толық мүмкіндігі бар. Бір өкініштісі, Қытаймен көршілес аймақта жатқан инвестициялық тұрғыдан аса тартымды өңір бола тұра, өнеркәсіптегі өндіру көлемі жағынан облыстағы үлесі небәрі 9%-ды құрайды. Облыс әкімі аудан басшылығына өңдеу саласын арттыруға ерекше көңіл бөлуді жүктеді.
Аудан аумағында төрт негізгі экономикалық даму нүктесі бар «Қорғас» торабы орналасқан. АЛҒАШҚЫСЫ Алтынкөл теміржол стансысы биылдан бастап жаңа экспорттық парк және «Алтынкөл-Жетіген» учаскесінде қосымша жолдар салу арқылы жаңғыртылуда. Осы жобаларды іске асыру Алтынкөл стансысын өткізу қабілетін тәулігіне 20-дан 33 пойызға дейін, Алтынкөл–Жетіген учаскесінің өткізу қабілетін тәулігіне 18-ден 33 пойызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. ЕКІНШІСІ «Нұр Жолы» өткізу пункті – Қазақстан мен Қытай арасындағы басты автокөлік шекара өткелінің өткізу қабілетін арттыру, көлік ағынын оңтайландыру және цифрландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Биыл «Нұр Жолы» өткізу пункті аумағында ірі габаритті көліктерге арналған ұзындығы 2,4 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталып, қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жолмен тек қана ірі көліктер ғана жүріп қоймай, жеңіл көлік құралдарын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына» бағыттау жоспарлануда. Бұдан бөлек, бельгиялық SARENS халықаралық компаниялар тобының жеке қаражатына «Нұр Жолы» өткізу пунктінің аумағындағы екінші айналма жолы және ірі жүк автокөліктеріне арналған уақытша сақтау қоймасы мен жинақтағыш салу жұмыстары басталыпты. «Нұр Жолы» өткізу пунктіне жақын маңда Қорғас–Алматы республикалық автомобиль жолының бойында «Каусар Карго» компаниясының (Қытай) халықаралық автовокзал мен сервистік орталық салу жобасы іске асырылуда. ҮШІНШІ «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» облыс әкімдігінің теңгеріміне өткеннен кейін орталықта ауқымды жұмыстар атқарылған. Толық ревизия жүргізіліп, бұрын жұмыс істемей тұрған нысандар іске қосылған. Электр және кәріз қамтамасыз ету жүйелері жаңғыртылып, газдандыру жүргізілуде, ішкі және кіреберіс инфрақұрылым айтарлықтай жақсартылыпты. Барлық басқару және өткізу процестері толық цифрландырылып, Face ID жүйесі енгізілді. Нәтижесінде «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» заманауи инфрақұрылымы бар, сауда мен инвестицияны дамытуға бағытталған тиімді алаңға айналды. ТӨРТІНШІ «Қорғас–Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы. Аймақта бүгінгі күнге дейін екі мыңға жуық жұмыс орнын ашқан, 63 млрд. теңгенің 32 жобасы іске асырылған. Бұдан бөлек, 2032 жылға дейін тағы
34 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы ерекше атап өткен облыс әкімі:
– Халықаралық әріптестік негізінде жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларды атап өтсем, Қазақстан–Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» компаниясының индустриялық паркінің, «Envision KKS» компаниясының жел генераторлары мен энергия сақтау жүйелерін шығаратын зауыт, сондай-ақ, «SKYHANSA» компаниясының халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, ауданда тағы бірнеше жобалар іске асырылуда. Мысалы, шекара маңы аумағындағы көлік-логистикалық және сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған «Жібек жолын дамыту жөніндегі халықаралық компания «Шығыс қақпасы» серіктестігінің, «SILK WAY ENERGY LTD» серіктестігінің сұйытылған газды өндіру, сақтау және тарату, сондай-ақ, құс шаруашылығы саласындағы «Jarkent Qus» серіктестігінің жобасы жасалуда, – деді.
Айтылды-орындалды
Гүлжайнат Батырбекова Жаркент қаласындағы Б. Момышұлы атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеу мәселесін көтерген болатын (3,2 млрд. теңге). Жобаны іске асыру облыстың даму жоспарына сәйкес 2027-2028 жылдары қарастырылатын болады.
320 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
Келесі кезекте облыс әкімі ауданның туристік әлеуетіне тоқталды. Ауданда 28 туристік нысан жұмыс істейді, онда биылғы жылдың 1-жартыжылдығында 18 мың келушіге қызмет көрсетіліпті. Бұл ішкі және шетелдік туристердің аймаққа деген қызығушылығының артуын көрсетеді.
– Алматы өңірінен демалушыларға Алматы–Қорғас автожолымен келуге қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, биыл Сарыөзек–Көктал облыстық маңызы бар автожолы жөнделіп, Талдықорған жақтан келетін туристерге жағдай жақсарды. Ауданда Жаркент мешіті, Әулиеағаш, сондай-ақ, Керімағаш пен «Жаркент-Арасан» шипажайлары сияқты туризмді дамытуға қолайлы жерлер болғандықтан, туристер ағынын көбейтуге болады, – деген облыс әкімі туризмді одан әрі қарқынды дамыту мақсатында облыста туризм басқармасы, Панфиловты қосқанда 5 ауданда туризм бөлімі ашылғанын жеткізді.
Ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселе, себебі үй кезегінде тұрған азаматтар саны жыл сайын артуда. Кездесуде осы жылдың 24-ші мамырынан кезекке қою және тұрғын үй беру функциясы жергілікті атқарушы органдарынан Отбасы банкіне өткені, енді тұрғын үйлер осы банк арқылы берілетіні айтылды. Ауданда кезекте 8 111 адам тұр. Мәселені шешу мақсатында кезең-кезеңімен нақты шаралар қабылдануда. Былтыр ауданда құрылыс қарқынды жүріп 620 пәтер және жеке тұрғын үй қолданысқа берілмек. Биыл жыл соңына дейін 320 пәтер және жеке тұрғын үйді тапсыру көзделген. Аталған үйлер Отбасы банкі арқылы кезең-кезеңімен беріліп, тұрғын үй кезегі 4%-ға қысқаратын болады. Ауылды жерлерде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тұрғын үйлер салу жұмыстарын жалғастыру мақсатында Шолақай ауылында 373 жер учаскесіне инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде, келесі жылдың тамыз айында аяқталмақ.
Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша 40 елді мекеннің барлығы сумен қамтамасыз етілген. Жиделі ауылына биыл жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, ауызсу тартылған. Қырыққұдық және Шолақай ауылдарында су құбырларын жаңғырту жұмыстары да аяқталды. Ал Керімағаш ауылында жұмыстар биыл басталса, келесі жылға өтпелі Сарыбел және Үшарал ауылдарында ауызсудың сапасын жақсарту мақсатында жобалары әзірленіп, 2026 жылы қаржыландыру үшін республикалық бюджетке өтінім берілді.
Облыс тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша 40 елді мекеннің 26-сы өңірлік газдандыру схемасына сәйкес газдандыруға жатады. Бүгінде Жаркент қаласы толық газдандырылса, қалған 25 елді мекенді газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысының айтуынша, 12 елді мекен жыл соңына дейін газға қосылады. Қалған 13 елді мекенде ауылға дейін жеткізуші газ құбырының құрылысы биыл аяқталып, келесі жылы ауылішіндегі газ тарату желілері жүргізіледі. Нәтижесінде келесі жылдың соңына дейін ауданның 114,3 мың тұрғыны немесе 85%-зы табиғи газға қол жеткізе алады.
ЖОЛ САПАСЫ ҚУАНТАДЫ
Аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарынан былтыр Жаркент–Қорғас жолы жөнделіп, пайдалануға беріліпті. Биыл Көнбе асуындағы көпірді, Көктал ауылынан Алматы–Қорғас жолына шығатын 15 шақырым жолды және Сарыөзек–Көктал бағытындағы 68 шақырым (110-178) бөлігін жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қоңырөлең және Ақжазық ауылдарындағы учаскелер абаттандырылып, жарықтандырылды. Сондай-ақ, биыл облыстық маңызы бар жол саналатын Жаркент–Сарыбел жолының 4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, Басқұншы ауылына кіреберіс жолдың күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. Жол құрылысы бойынша аймақ басшысы:
– Өздеріңіздің сұрауларыңыз бойынша 2023 жылы Ынталы ауылының кіреберіс жолына (11,8 шақырым) 2,4 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын бастадық. Биыл асфальт төселіп, бітеді, келесі жылы абаттандырылып, қабылданатын болады. Бұдан бөлек, 3 елді мекеннің 8 көшесін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге, Басқұншы ауылындағы 2 көшенің жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаркент қаласы мен Әулиеағаш ауылының ішкі көшелері келесі жылға өтпелі. Жалпы, 2025 жылы Панфилов ауданындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге, сондай-ақ күтіп-ұстауға 3,5 млрд. теңге бөлінді, – деді.
Ал білім беру саласында былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жаркент қаласында 1200 орынды мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында Талды ауылында 300 орынды орта мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сұптай ауылында 120 орынды мектеп салынуда, келесі жылы жаңа оқу маусымында қолданысқа беріледі. Әулиеағаш ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Ауданның денсаулық сақтау саласында соңғы 2 жылда 18 нысан салынып, 3-уі жөндеуден өтті. Мәдениет саласында биыл Тұрпан ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тамыз айында қолданысқа берілді. Спорт саласында өткен жылы Үшарал ауылында 90 орынды спорттық кешен және Көктал ауылында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры есебінен спорттық кешен қолданысқа берілді.
Бұл шаралардың барлығы аудан халқының әл-ауқатын арттырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған. Жиын соңында облыс басшысы орынбасарларына аудан әкімі және тиісті басқармалармен бірлесіп, бөлінген бюджет қаражатын уақытылы, сапалы игеруді, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орын алған кемшіліктерді жою жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындар өтініші арна тауып, облыс әкімі тарапынан қолдау табатыны ескертілді.
Айдар ҚАЛИЕВ
Панфилов ауданы




