Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ел аумағындағы талантты футбол шеберлерін анықтап, оларды кәсіби спортқа тарту мақсатында әлеуметтік маңызы зор «Әуесқойлар лигасы» жобасын іске асыруда. Бұл бастама еліміздің әр өңіріндегі футболға бейімі бар жастар мен әуесқой ойыншыларға кәсіби мансапқа жол ашуды көздейді.
Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Жоба 2025 жылдың көктемінде басталып, республиканың 20 өңірінен 268 команда тіркелді. Олардың құрамында 5 мыңға жуық футболшы бар. Аралық кезеңдерде еліміздің түкпір-түкпірінде 1500-ден астам матч өткізілді. Бұл көрсеткіш жобаның кең ауқымын айқындайды.
«Қазақстан әуесқой лигасының» үйлестірушісі Әділет Мұқышев:
Ақтық сын 2025 жылдың 1–8 қазан күндері Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында және Көксу ауданында өтеді. Финалға 500-ден астам үздік ойыншы қатысып, өз өңірлерінің намысын қорғайды. Сонымен қатар, кәсіби футбол клубтарының скауттары дарынды жастарды бақылап, болашақта кәсіби спортқа тарту мүмкіндігіне ие болады, — деді.
Жобаның негізгі мақсаты – аймақтық таланттарды ел чемпионатына дайындау және кәсіби клубтарға жол ашу. Бұдан бөлек, үздік командалар мен ойыншыларға УЕФА-ның Әуесқойлар лигасына қатысу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Финалдық кезеңнің бағдарламасы:
-
1–5 қазан: 09:00–17:00 – Топтық кезең («Болашақ» стадионы, «Б.Оңғаров» стадионы)
-
6 қазан: 09:00–17:00 – Плей-офф кезеңі
-
7 қазан: 09:00–17:00 – Жартылай финал
-
8 қазан: 10:00–14:00 – Финал
14:30–15:30 – Жабылу рәсімі және марапаттау
Жетісу төрінде өтетін бұл дода ел футболының дамуына тың серпін беріп, жаңа жұлдыздардың жарқырап шығуына жол ашпақ.





