Өскемен қаласында әйелдер командалары арасында волейболдан Қазақстан кубогы мәресіне жетіп, жерлестеріміз үздік үштікті түйіндеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Биылғы дода волейбол жанкүйерлері үшін күтпеген жаңалықтарға толы болды. Былтырғы кубок иегері «Жетісу» командасы бұл жолы жартылай финалда «Қуаныш» клубына жол берді. Тартысты өткен матч 2:3 (28:26, 23:25, 23:25, 25:16, 10:15) есебімен аяқталды. Дегенмен жетісулық арулар жігерсіздік танытпай, үшінші орын үшін өткен бәсекеде «Берел» ұжымын 3:1 (25:8, 25:12, 19:25, 25:21) нәтижесімен сенімді түрде жеңіп, қола медальді қанжығасына байлады.
Турнирдің басты сенсациясы финалда орын алды. Түркістан облысының «Тұран» командасы фаворит саналған «Қуанышты» 3:2 есебімен қапы қалдырып, өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Енді олар ақпан айында өтетін Азия құрлығының турнирінде ел намысын қорғау мәртебесіне ие.
«Жетісу» волейбол клубының бас бапкері Марко Гршич ойын туралы өз ойымен бөлісті:
«Әрине, біз чемпион болуды мақсат еттік. Өкінішке қарай, бұл жолы ойлағанымыз жүзеге аспады. Жартылай финалдағы жеңілістен кейін қайта қалыпқа келіп, қола жүлде үшін өткен матчта жеңіске жеттік. Бізді алда маңызды кездесулер тұр, оған барымызды саламыз», – деді бапкер.
Айта кетейік, «Жетісу» осыған дейін Қазақстан кубогын 9 мәрте иеленген. Сондай-ақ команда қоржынында 6 күміс жүлде бар. Енді жетісулықтар қаңтар айында Өскеменде «Тұранмен» Қазақстан суперкубогы үшін бақ сынайды. Бұл матч облыс намысын қорғайтын спортшыларымыз үшін реванш алуға үлкен мүмкіндік.





