Жетісу облысында балалардың терезеден құлауын алдын алу мақсатында «Терезе» жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Полиция департаментінің дерегінше, 2024 жылы өңірде мұндай алты оқиға тіркеліп, зардап шеккен балалардың барлығына медициналық көмек көрсетілген. Ал биыл 12 ақпанда Талдықорғанда жекеменшік үйдің терезесінен құлаған бала ауруханаға жатқызылған. Мамандардың айтуынша, 2-7 жас аралығындағы балалар арасында қауіп жоғары, себебі олар қауіп-қатерді толық сезіне алмайды.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ата-аналар жиналыстары мен тұрғындармен кездесулер өткізіліп, ақпараттық материалдар таратылып жатыр. Білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау жүйесімен қамтылып, 19 мыңнан астам камера орнатылған. Олардың басым бөлігі жедел басқару орталықтарымен байланыстырылған.
Сонымен қатар, мектептерде полиция бөлімшелеріне қосылған дабыл түймелері, турникеттер, домофондар мен арнайы күзет қызметтері енгізілген. Қауіпсіздік шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Жетісу-Ақпарат»





