Жетісу облысында көлікті заңсыз айдап кеткен азамат ұсталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақсу ауданының полиция бөліміне Жансүгіров ауылының тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, түнгі уақытта кәсіпорын ғимаратының алдында тұрған Toyota Camry автокөлігін белгісіз біреу мініп кеткен. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарын бастап, күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азамат көлік иесінің әріптесі болып шықты. Ол әріптесінің ұйықтап жатқанын пайдаланып, кілтті рұқсатсыз алған. Мұндай тәуекелге баруына «романтикалық» себеп түрткі болыпты: ол көлікті қызымен кездесуге бару үшін айдап кеткен.
Зауыт аумағындағы бейнебақылау камераларының жазбалары бұл деректі толықтай растады. Қазіргі уақытта автокөлік заңды иесіне қайтарылды.
Көлік құралын заңсыз иемдену – бұл жай ғана «рұқсатсыз міне тұру» емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін ауыр әрекет. Күдіктінің ойланбай жасаған қадамы оның болашағына балта шабуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері азаматтарға өзгенің мүлкіне қол сұқпауды және кез келген әрекеттің соңы заң алдында жауап берумен аяқталатынын ескертеді. Жетісу полицейлері заманауи бейнебақылау жүйелерінің арқасында мұндай қылмыстардың ізі суымай ашылатынын тағы да дәлелдеді.





