Жетісу облысында ПД бастығы мереке қарсаңында өңірдің қауіпсіздік жағдайын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында, көпшілік үшін демалыс пен мерекелік күндері басталатын кезеңде, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшті.
Өңірдің бас полицейі Сарқытбай Құсаинов мереке күндері жүктеме артуына байланысты бөлімшелердің дайындығын жеке өзі тексерді. Жұмыс сапары барысында ол қызмет атқаруды ұйымдастыру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету деңгейі және ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге жеке құрамның әзірлігін бақылап шықты.
№5514 әскери бөлімінде департамент бастығы қызметте көзге түскен әскери қызметшілерге грамоталар табыстап, жаңа жылдық іс-шаралар кезеңіндегі бірлескен іс-қимыл мәселелері бойынша үйлестіру кеңесін өткізді. Сондай-ақ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бөлімшелеріне ерекше назар аударылды: қызметтік автокөліктердің техникалық жағдайы, төтенше жағдайлар мен жаппай тәртіпсіздіктер кезінде әрекет ету алгоритмдерін білу деңгейі, сондай-ақ жеке құрамның стандарттан тыс жағдайларда әрекет етуге дайындығы бағаланды.

Тәртіп сақшылары ең алдымен «Сити плюс» сауда-ойын-сауық орталығына барып, ұрлық пен алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды бақылады. Мұндағы басты мақсат – адамдар көп жиналатын орында азаматтардың мүлкін сақтау және кез келген жанжалды дер кезінде тоқтату. Тексеру барысында нысан әкімшілігіне күзетшілерді жеке бейнежетондармен қамтамасыз ету туралы ұсыныс айтылды. Бұл қадам қақтығыс бола қалған жағдайда әрекеттердің ашықтығын қамтамасыз етіп, даулы мәселелерді әділ шешуге көмектеседі.
Жасөспірімдердің демалыс орындары да назардан тыс қалған жоқ. Соның ішінде «Адреналин» мұз айдынындағы балалар қауіпсіздігі мен жарақаттанудың алдын алу шаралары қаралды. Ал «Статус» түнгі клубында заң талаптарының сақталуы, яғни түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың болмауы және тыйым салынған заттардың қолданылмауы қатаң қадағаланды. Айта кетерлігі, бұл клубтың күзетшілері бейнежетондармен толық жабдықталған. Осы оң тәжірибені өңірдегі барлық күзет ұйымдарына енгізу бастамасы қолға алынды.
Департамент басшысы Жедел басқару орталығына барып, Жаңа жыл түніндегі жұмыс жүктемесіне дайындықты пысықтады. Қазіргі таңда бейнебақылау камералары мен «дабыл түймелері» штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Полиция нарядтарының оқиға орнына жету уақыты мен күштерді үйлестіру барысы да бақылауда. Барлық атқарылып жатқан іс-шаралар – тұрғындардың мереке күндері еш алаңсыз, тыныш демалуына кепіл болады.





