Жаңа жыл және Рождество мерекелері кезеңінде Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың өмірін қорғау мақсатында полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет режимінде жұмыс істеді.
Облыс аумағында 31 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында ірі төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Барлық аудан мен қалаларда өткен жаңажылдық іс-шаралар тұрақты жағдайда өтіп, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілмеді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында цифрлық платформалар арқылы бақылау құралдарын қолдану тиімді нәтиже берді. Адамдар көп жиналатын Жастар паркі мен Орталық парк аумақтарында құқық бұзушылықтардың алдын алу мүмкіндігі артты. Қоғамдық орындарда электронды білезіктерді пайдалану арқылы жағдай жедел бақылауда ұсталды, – деді Жетісу облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Қайсар Жақсылықбекұлы Мухметов.
Сонымен қатар, 2 қаңтар күні Кербұлақ ауданының Сарыбастау ауылдық округіне қарасты мал қыстауында өрт шығып, бір адам қаза тапты. Ал 7 қаңтарда Рождество мерекесі күні Талдықорған қаласының Қаратал шағын ауданында орын алған өрт кезінде сегіз адам, оның ішінде жеті бала құтқарылды. Өрт сөндіру-құтқару жұмыстары жедел ұйымдастырылып, адам шығынына жол берілген жоқ.
Мереке күндері облыс жолдарында сегіз авариялық-құтқару операциясы жүргізіліп, қар құрсауында қалған 28 адамға дер кезінде көмек көрсетілді. Қысқы кезеңдегі қауіпсіздік шаралары аясында тұрғындарға тұрмыстық жылыту және электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамын қадағалау және 112 қызметінен келетін дауылды ескертулерге назар аудару қажеттігі ескертілді. Төтенше жағдайлар департаменті тәулік бойы кезекшілік атқарып, жедел әрекет етуге дайын.
Жаңа жыл түні қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірде ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар кешені іске асырылды. Қызметке 687 полиция қызметкері мен 95 қызметтік автокөлік тартылып, адамдар көп жиналатын орындар, стратегиялық маңызы бар нысандар және негізгі көлік бағыттары бақылауға алынды. Мерекелік кезеңде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты сақталып, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану талаптарын бұзуға қатысты 80 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Қабылданған кешенді шаралар қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін және төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Аяулым Шынгаева





