Жетісу облысында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының қорытынды отырысы өтті. Басқосуда мерейтойлық мерекеге арнап шығарылған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты жаңа тарихи кітаптың тұсауы кесілді.
Салтанатты шараға қоғам белсенділері, басшылар, ардагерлер және жергілікті зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. “Бірлігіміз – әралуандықта” деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін», – деп баса дәріптеген еді.
Осыған сәйкес жиынға қатысушылар алдында сөз алған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов Ассамблеяның 30 жыл ішінде ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолында қосқан рөлін айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол бүгінде аймақтағы киелі шаңырақ саналатын Достық үйінде орналасқан Қоғамдық келісім орталығы өңірдегі ұлт пен ұлысты ұйыстырып, төл мәдениетті дәріптеп, татулықтың тал бесігіне айналғанын айтып, алғыс білдірді.
Осыдан кейін жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Тарихи басылымда Ассамблеяның құрылу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі даму жолы, ел бірлігін нығайтудағы маңызды бастамалары мен жетістіктері жан-жақты қамтылған.
Іс-шара соңы Талдықорғандағы «Бикен Римова» атындағы академиялық драма театрында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай арнайы шығарылған «Оқылмаған хаттар» көркем фильмінің көрсетіліміне ұласты. Көркем фильм Жетісу облысы әкімдігі мен Ассамблеясының қолдауымен түсірілген. Қалың көрермен қауымының көзайымына айналып, ыстық ықыласына бөленген фильм еліміздегі бірлік, татулық, адамгершілік құндылықтары мен тарихи сабақтастықты терең сезіндіреді.
Айдын КӘЛІМХАН






