Қазақ тілінің даму үдерісінде көптеген сөз уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, жаңа орфографиялық нормаға түседі. Солардың бірі – бүгінгі күні жиі қолданылатын «мекенжай» сөзі. Қазіргі таңда бұл сөз бірге, кейде бөлек, енді бірде дефис арқылы жазылып жүр. Тіпті кейбір ресми ресурстардың өзінде әртүрлі нұсқа кездеседі.
Бұл жағдай сөздің тарихи қалыптасу кезеңдерін ескермеуден туындайды. Шын мәнінде «мекенжай» сөзі бірнеше орфографиялық кезеңнен өткен. Алғаш 1940-1957 жылдары қазақ тілі кирилл графикасына көшкен уақытта сөздер көбіне түбірлік мағынасына қарай бөлек жазылды. «Мекен» және «жай» сөздері дербес ұғым ретінде танылғандықтан олар жеке-жеке қолданылды. Мысалы: Мекен жайын көрсетіңіз.
1957-2013 жылдары дефис арқылы жазыла бастады. Қазақ орфографиясының негізгі ережелері бекітілгеннен кейін бір мағынаны білдіретін қос сөздер дефис арқылы жазыла бастады. Осы кезеңде «мекен-жай» нұсқасы орфографиялық сөздіктерге еніп, кең қолданысқа ие болды. Мысалы: Өтініште мекен-жайыңызды көрсетіңіз. Ал 2013 жылғы орфографиялық сөздік пен кейінгі басылымдарда бұл сөз бірігіп жазылатын біріккен сөз ретінде ресми бекітілді. Себебі «мекенжай» сөзі бір ғана тұтас ұғымды – «адрес» мағынасын білдіретін термин деңгейіне жетті. Мысалы: Тұрғылықты мекенжайыңызды растаңыз.
Бүгінде «мекенжай» сөзі ресми құжаттарда, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінде, цифрлық және ақпараттық платформаларда кеңінен қолданылатын, толық қалыптасқан термин ретінде орнықты.
Тіл – тірі организм. Ол қоғаммен бірге дамып, өзгеріп отырады. «Мекенжай» сөзінің эволюциясы – осының айқын дәлелі. Сондықтан қазіргі қолданыста бір ғана дұрыс нұсқа – «мекенжай» екенін ескеру маңызды.
Тіл тазалығы мен сауатты жазу – әр азаматтың мәдени деңгейінің көрсеткіші. Демек, орфографиялық нормаларды сақтау – тек тіл мамандарының емес, барша қоғамның ортақ міндеті.
Әйгерім МОЛДАБАЕВА,
облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
Ескелді аудандық филиалының меңгерушісі





