Қазақстанда мектеп бітіру кешін өткізу тәртібі нақтыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қабылданған шаралар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
«Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады. Білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесінде.
Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығынды қажет етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.
Ал ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.





