Президентке «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының өткен жылғы қызмет қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары таныстырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Компания басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің жалпы өндіріс көлемі 25,8 мың тонна уранды құрады. Оның ішінде компанияның үлесіне тиесілі өндіріс көлемі 13,5 мың тонна болды. Ал сауда-саттық көлемі 11 пайызға өсіп, 18,5 мың тоннаға жеткен.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында «Қазатомөнеркәсіп» минерал-шикізат базасын кеңейту және геологиялық барлау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бүгінде жалпы ауданы 1 мың шаршы шақырымнан асатын алты перспективалы уран учаскесінен тұратын портфель қалыптастырылған. 2030 жылға дейін геологиялық барлау жұмыстарына бағытталатын инвестиция көлемі 75-85 миллиард теңгені құрайды.
Кездесу барысында уран өндіруші өңірлерді әлеуметтік қолдау мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда, 2025 жылы компания өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 6 миллиард теңге келісімшарттық міндеттемелер аясында қарастырылған.
2025-2034 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес, компания жаңа өткізу нарықтарын кеңейту бағытында жұмыс жүргізуде. Былтыр швейцариялық Axpo Power AG, чехиялық ČEZ Group және жапондық Kansai Electric Power компанияларымен уран жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалған. Қазіргі уақытта Үндістанға табиғи уран концентраттарын жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарт әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар кәсіпорын ғылыми зерттеулер мен инновацияларға да басымдық беруде. Өндіріс тиімділігін арттыру, экологиялық әсерді азайту және озық технологияларды енгізуге бағытталған 2034 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленген.
Компанияның жария нарықтағы көрсеткіштері де оң динамика көрсетіп отыр. 2018 жылы IPO-ға шыққаннан бері «Қазатомөнеркәсіптің» нарықтық капиталдандырылуы 7 еседен астам өскен.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ресурстық базаны одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.





