М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында «Менің өлкем – құқықтық тәртіп аумағы» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол сурет байқауы ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарайтын, қоғамдық тәртіпті сақтайтын саналы азамат қалыптастыру, сондай-ақ оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
Байқау барысында оқушылар «заң және тәртіп», «әділ қоғам», «қауіпсіз болашақ», «мен және менің құқығым» сынды тақырыптар аясында өз ойларын сурет арқылы бейнеледі. Әрбір туындыдан туған өлкеге деген сүйіспеншілік, бейбіт өмірге деген ұмтылыс айқын байқалды. Қатысушылар өз жұмыстарында құқық бұзушылықтың алдын алу, достық пен сыйластық, адалдық пен әділдік секілді құндылықтарды көркем түрде жеткізе білді. Кейбір суреттерде Отанға қызмет ету, ел тыныштығын қорғау идеялары көрініс тапса, енді бірінде болашақта заңды құрметтейтін білімді ұрпақ бейнесі суреттелді.
Шара тек сурет байқауымен шектелмей, тәрбиелік мәні зор концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Өнерлі оқушылар патриоттық әндер шырқап, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл кеш оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойындағы қабілетін аша білді. Байқау соңында оқушыларға марапаттар мен жүлделі орындар табысталды. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, заңға бағыну секілді асыл қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Жұлдыз КЕНТБАЕВА





