Наурыз мейрамының онкүндігі аясындағы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күніне орай облыста бір мезетте 366 баланың тұсауы қатар кесіліп, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында өткен «Өмірге алғашқы қадам» атты тұсаукесер рәсіміне облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, бүлдіршіндерді талпынысымен құттықтады.
Облыстың аудан-қалалары Талдықорғандағы шараға бейнебайланыс арқылы қосылды. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күнінде Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Алакөл, Сарқан аудандары 30 баланың, Ақсу ауданы мен Текелі қаласында 20 сәбидің, Қаратал ауданында 50 бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімін көпке сыйлы ардагерлер, өнер қайраткерлері, қаламгерлер, журналистер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері атқарды.
Тұсаукесер рәсімінде «КИнЭС» рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков ауқымды шара елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп, арнайы сертификатпен бірге Қазақстанның рекордтар кітабының соңғы шығарылымын сыйға тартты.
– Елімізде 366 баланың тұсауын бір мезгілде кесу алғаш рет Жетісу облысында өткізіліп отыр. Сондықтан бұл факт Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Бүлдіршіндердің жолы қашан да ашық болсын, – деп ізгі тілегін білдірді.
Айта кетейік, былтыр облыста бір мезетте 50 баланың тұсауы кесіліп, рекорд орнатылған еді. Биыл сол нәтижені қайта жаңарттық.
Бүлдіршіндерінің тұсауын кестірген ата-аналар «дәстүрімізді дәріптейтін шараға балаларымызды арнайы алып келдік» деп игі бастама дәстүрлі түрде ұйымдастырылса деген тілек білдірді.
С. Луганский атындағы Талдықорған авиабазасының командирі, 10 жылдан астам ұшқыш қызметін атқарып келе жатқан капитан Айдос Досмұхамбетовтің отбасы да құттықтау тілектерін жеткізді:
– Үйленгенімізге 6 жыл болды, екі баламыз бар. Бүгін 11 айлық қызымыз Альсафидің тұсауын кестік. Бүгінгі шараға қатысқан балалардың бәріне құтты қадам тілейміз, жолдары ашық болсын. Наурыз мерекесімен барша халықты құттықтаймыз, – деді оның зайыбы Армангүл Төлеген.
Көпбалалы ана, үшемдерді өмірге әкелген Сенбай Тұрсынбек те осы мерекеде сәбилерінің тұсауын кескізуге арнайы алып келді. Алғашқы қадамын жасаған бүлдіршіндердің тұсауын білім беру саласының үздігі, 40 жылға жуық тәжірибесі бар инженер-педагог Әсет Жұмаділов кесті.
– Отбасында 6 баламыз бар. Бүгін осы мереке күні үш кішкентайым Дархан, Диана, Дарияның тұсауын кескіздім. Бұл рәсімнің дәл Наурыз күндерінде атқарылғанын жақсыға балап отырмын. Балаларымның алдағы болашақ жолы үшін жақсы бір белгі деп санаймын, – деді көпбалалы ана.
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ





