ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті 14 наурыз Амал мерекесіне орай көрісу күнін ұйымдастырды.
Өздеріңізге мәлім бұл мереке – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр, бізге жеткен аманат. Міне, сол дәстүрді жалғап, еліміз бойынша көрісу мерекесін атап өтудеміз.
Ежелден ел көрісумен ғана шектелмей, адамдар арасындағы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, жақын адамдар бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу — ағайын мен туыс арасындағы байланысты бекітетін тамаша дәстүр. Көненің көзі — қарияларға құрмет көрсетіліп, інілік ізет, дархан пейіл танытудың үлгісі. Олай болатыны, Амал – елдік, халықтық мейрам. Бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды.
Амал мейрамы – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын таразы. Осындай игілікті сәтте отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.





