Кербұлақ ауданындағы «Integra Construction KZ» ЖШС филиалының Жоламан қиыршық тас зауытының жүк тиеу цехында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Гүлмира Асубаеваның есімін ерекше атап өтуге міндеттіміз. Себебі ол ердің ісін еңсеріп, өндірістік салада тынбай еңбектеніп, өз жұмысын асқан қызығушылықпен атқаратын маман.
Қарашоқы ауылында дүниеге келген ардақты жан 16 жасында мектеп бітіреді. Әр салада жұмыс істеп, 18 жасында тұрмысқа шығып, шопан да болады. Кейін Малайсары ауылына көшіп келеді. Шаңырақ шаттығын еселеген Гүлмира өмірге алып келген перзенттерінің тәрбиесіне көңіл бөліп, бірнеше жыл отбасы, ошақ қасынан шыға алмаған. Балалары ержеткен соң 2003 жылы қиыршық тас зауытында еден жуушы, кейін күзетшілік жұмысты атқарады. 2003 жылы көлік жөндеу шеберханасына техник болып жұмысқа орналасады. Тыңғылықты тірлігінің нәтижесінде тиеу цехында люкті басқару қызметіне ауысады.
– Қашан да еңбек еткен адам жетістікке жетеді. Осыны қазіргі жастар мойындай бермейді. Мен ес білгелі ауыр еңбекке араласып келемін. Соның арқасында көп тәжірибе жинадым. Бала күнімде мұғалім болғым келген. Бірақ тағдыр жолы мені бұл арманның ауылынан тым алыс әкетті. Өмір бойы қара жұмыс істеп жүрсем де ешқашан шаршадым деп айтқан емеспін. Адал жолмен нан тауып, балаларыма нағыз еңбектің үлгісін көрсете білгеніме қуанамын. Бұл зауыт менің екінші үйім. Жұмысыма күліп келіп, қуанып қайтамын. Қазір люк операторымын. Вагондарды тиеуге дайындап, қызмет көрсететін конвейерлердің жағдайын тексеріп, конвейер жабдығының жұмысын бақылап, люктер арқылы қиыршық тасты теміржол вагондарына тиеу функцияларын орындаймын. Технологиялық талаптарды ескере отырып, қиыршық тастардың дұрыс тиелуін қадағалаймын, – дейді кәсіби маман.
Гүлмира Асубаева жоғарыда айтқан жұмыстың бәрін жылы жерде, жұмсақ орындықта отырып істемейді. Жауапты әрі ауыр жұмыстың барлығы да далада іске асады. Себебі, зауыт күндіз-түні тынымсыз жұмыс істейді. Тәулігіне 12 сағаттық жұмысты екі адам ауысыммен жүзеге асырады. Жалпы бұл жұмыс кәсібилік, жауапкершілік, физикалық төзімділік, зейінділік және командада жұмыс істей білу сияқты қасиеттерді талап етеді. Мұндай ауыр жұмыс негізінен ер адамдарға тән. Бірақ өзі нәзік болса да рухы мықты, жігерлі жандар жауапты жұмысты абыройлы атқаруда.
– Біздің жұмыс оңай емес. Бірақ әр мамандықтың өз қиындығы, ауыртпалығы бар ғой. Біз мерекені алдын ала жоспарламаймыз. Ауысыммен жұмыс істейтіндіктен бізге мереке маңызды емес. Кезек қай күнге келеді, сол күні жұмыста болуға міндеттіміз. Жұмысым ұнайды. Ешқашан басқа жұмысқа ауысу туралы ойламаппын. Ұжымым екінші отбасым. Жолдасымның да бұл зауытқа сіңірген еңбегі зор. 2014 жылы жұмыста қайғылы оқиға орын алып, газ жарылып, жолдасым өмірден өтті. Қазір бір кездері бала-шағамыз асыр салған, берекеміз асып-тасыған үйде өзім жалғыз тұрамын. Балаларым Қонаев, Алматы қаласында еңбек етеді. Екі ұлым отбасылы. Енді кенжемді өз алдына үйлі етсем деймін. Санаулы жылдан соң аман-есен зейнетке шығып, бала-шағамның ортасына барып, бала тәрбиесіне көңіл бөлсем деген арманым бар, – дейді ардақты жан.
Қарапайым еңбек етіп, көптің алғысына бөленіп, кейінгі буынға үлгі-өнеге болған кейіпкеріміз әйел-ана болса да үлкен жауапкершілік арқалап, игілікті істің басында жүр. Оның еңбекқорлығы мен парасаттылығы, шыдамдылығы мен алғырлығы – көпке үлгі. Қалай десек те әйел араласқан істе береке мен молшылық, тәртіп пен жинақылық бар екені анық.
Еңлік Кенебай
Малайсары ауылы





