«Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдыры» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл тәмсілдің мән-мағынасы терең екенін ұққан абзал. Мемлекеттің осы тұста бастауыш сынып мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетіп, білім беру мазмұнын жеңілдетіп, баланың жас ерекшелігіне сай бейімдеу бағытында нақты реформалар жасап, тамақтануына дейін көңіл бөлуі жайдан-жай емес.
Жетісу өңірінде бастауыш сыныптарға биыл 51 мыңнан астам оқушы қабылданып отыр. Олардың 13 мыңға жуығы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 1 сәуірден бүгінгі күнге дейін 1-сыныпқа 11438 өтініш түссе, соның 1761 орысша, 312 ұйғырша, қалғаны қазақша оқуға өтініш берген. Бұл ретте 3429 өтініш, яғни ең көбі облыс орталығы Талдықорған қаласынан түскен.
Оқушыларға сапалы білім берумен қатар денсаулығын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соның айқын көрінісі – мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі. Бүгінгі таңда бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мемлекет тарапынан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл – бір жағынан, әлеуметтік әділеттілікті, екінші жағынан, жас ұрпақтың дұрыс тамақтануына жағдай жасауды көздейді.
Мамандардың айтуынша, баланың ой еңбегі мен физикалық белсенділігі тікелей дұрыс тамақтануға байланысты. Дәруменге толы ас мәзірі – олардың сабаққа деген ынтасын арттырып, ойлау қабілетінің дамуына ықпал етеді. Сондықтан мектеп асханаларында тағам сапасына қатаң санитарлық талап қойылып, мәзір әр күнге ғылыми негізде жасалуда.
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мектептерге бірыңғай ас мәзірін әзірледі. Бұл ас мәзірі 4 аптаға арналады. Яғни бірінші аптада ішкен ас келесі аптада балаларға қайталанып берілмейді. Мұнда баланың иммунитетіне пайдалы тұстары есепке алынып, ас мәзірі дайындалып, қалалық, аудандық білім бөлімдеріне жолданды. Өз кезегінде жаңағы білім бөлімдері мектептердегі асхананы жүргізіп отырған жеке компаниялармен ары қарай жұмыстар істейді. Мектеп асханаларына бұдан былай фастфуд, газдалған сусындар қоюға тыйым салынады, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбекұлы.
Бастауыш сыныпқа көңіл бөлу – болашаққа жасалған инвестиция. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан мемлекеттің бұл саладағы батыл қадамдары – елдің ертеңін жарқын етудің кепілі.
Медет ЖҰМАБАЙ





