Конституция – елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң, осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты. Конституциясыз біз өз алдымызға, жеке, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре алмаймыз.
Белгілі заңгер С. Сартаев: «Қазақстанның Конституциясы кезінде референдум негізінде қабылданды. Сайлаушылардың 90 пайызы оны қолдады. Оның алдында талай талқылаулар, қызу пікірталастар болды. Басқа елдердің конституциялары қаралды. Бұл, әрине, өз нәтижесін берді. Осындай қажырлы жұмыстардың арқасында халықтың талап-тілегіне сай тарихи құжат қабылданды. Сондықтан да оны халық Ата Заң деп атайды. Біз қашанда сол Ата Заңның аумағында өмір сүруіміз керек. Әйтпесе тұрақсыздық орын алуы ғажап емес. Оған басқа мемлекеттерде болып жатқан оқиғалар куә», – деп атап көрсетті. Сондықтан Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылады.
Еліміздің Ата Заңы қоғамдық құндылықтың алтын арқауы және мемлекеттік биліктің бастауы. Ата Заң бізді өткенмен де, болашақпен де байланыстырып тұрған алтын көпір іспеттес. Оның тұтас болмысынан мемлекетіміздің мерейі мен халқымыздың қалауы көрініс табады.
Қазақстан деген ел бар екендігін дүниежүзіне танытқан да, бейбіт өмір сүруімізге жол ашқан да, ұлт бірлігін жарастырған да, адам құқығын қорғауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік құрылыс пен еліміздің тұтастығын бекітіп, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге жол ашқан да Конституция.
Конституция бізге адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді.
Конституцияның ең маңызды рөлі – биліктің белгіленген шегінен асып кетуіне жол бермей, теңгерімді тең ұстап, мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігін бекітіп беруінде.
Қазақстан Конституциясының басты ерекшелігі – адам құқығы мен бостандығын басты орынға қоюында. Онда әрбір азаматтың сөз бостандығы, ар-ождан еркіндігі, еңбек ету, білім алу, денсаулық сақтау және басқа да құқықтары заң жүзінде бекітілген. Сондай-ақ, Конституцияда әр азаматтың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі де көрсетілген.
Конституция – мемлекет тірегі, ел бірлігінің кепілі. Ол тәуелсіздігіміздің тұғыры, болашақ ұрпаққа аманат етілген асыл мұра. Әрбір азамат өзінің Конституциясын құрметтеп, оның талаптарын орындауға міндетті. Сонда ғана елімізде заң мен тәртіп орнап, әділетті қоғам қалыптасады. Сол үшін ең алдымен Конституцияда бекітілген құндылықтарды жоғары ұстап, құрметтеу қажет. Бұл құндылықтар адамның өмірі, бостандығы, биліктің теңгерімдігі, еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығы, бірлігі, тұтастығы.
Екіншіден, Конституция халықтың еркіндігі мен мемлекеттілігінің символы. Сондықтан отбасы, балабақша, мектеп, оқу орындары еліміздің дамуына басты бағыт беретін негізгі заң Конституцияны сақтауды, құрметтеуді, оны қорғауды кеңінен насихаттауы қажет.
Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Көк туымыз желбіреп, Қазақстан Республикасы нығайып, дами берсін!
Салтанат ТЫНЫСТАНОВА





