Иә, әулиелердің мекені саналған Қаратал ауданының орталығында ақын Назар Қалиұлының туғанына 70 жыл толуына орай жыр мүшәйрасы өтті. Ақынның ұрпақтары ұйытқы болған өлең додасында аудандағы мектеп оқушылары белсене қатысып, кіл жүйріктен кім жүйрік шыққанын өзара анықтады.
Батысын баурай Балқаш көлі алып жатқан, бергіде бұйрат құмдары бұйығып, сексеуілі саз түлеткен текті өлкенің қашанда қазақ өнерінде өрісі кең, өресі биік. Қасиетті Қаратал өзенінің атымен аталатын бұл өңірдің өзінде арғысы би-шешендерді айтпағанның өзінде, қазақ руханиятына шырайлы шығармалар ұсынған ақын-жазушы көптеп шыққан. Соның бірі Шопан-ата төлін бағып, кешегі Кеңес заманында үздік шопан атана жүріп жанына жырды серік еткен аяулы ақын – Назар Қалиұлы. Ол 1955 жылы от жүрегін тулата өмірге келіп, қарапайым тірлік кешсе де қазақ поэзиясында өзіндік орын ала білді.
Аударса мөлдір бұлақ аңсарыңды,
Құлақты тұндырады тау сарыны.
Ұлары – ұлы тауда… шың, қарағай,
Жырласа қай ақының таусар мұны, – деп табиғатты қаз-қалпында мөлдірете суреттейтін сыршыл ақын небәрі 53 жасында өмірден өтті. Десе де ақық арманы, аяулы мұратына талшық болған текті жырлары түзілген «Көңіл-керуен», «Өлең – саған ғашықпын» атты қос кітабы қалың еліне мұра болып қалды.
Осынау аяулы ақынның 70 жылдық мерейтойына орай ұрпақтары өткізген «Өлең – саған ғашықпын» атты аудандық оқушылар арасындағы жыр мүшәйрасының қорытындысы Үштөбе қаласының тарихи-өлкетану музейінде өрнек тапты.
Жыр бәйгесі шайырдың шұғылалы өмірін арқау еткен бейнебаянмен бастау алса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, Назар ақынның рухани досы Жексенбек Сұлтанбек бастаған зиялы қауым, аудандық білім бөлімінің, ардагерлер және аналар кеңесінің өкілдері сөз алып, өлеңге іңкәр болған ардақты азаматтың өмірі, қоғамға тигізген пайдалы ісі мен еселі еңбегі, шығармашылығы жөнінде сөз қозғады.
Айталық, ақын өмірі мен шығармашылығына арналған жыр мүшәйрасына аудан мектептерінен 25 оқушы қатысқан болатын. Жауқазын жырдың иелері өз танымындағы шайыр бейнесін әдемі тіркестермен, отты шумақтармен барынша көркем бейнелеуге тырысыпты. Өнегелі өмірін баяндауға күш салыпты. Десе де балғын саусаққа жыр қаламын жаңа қапсырған жас өрендердің өлеңінде іліп алар артықшылық та, айшықтап өтер кемшілік те табылған. Мұны әділқазылар алқасы мүшәйраның басында ескертті.
Назар Қалиұлының қос бірдей кітабынан жаттаған жырын оқып, келесі бөлімде мүшәйра талабына орай жазған өлеңін мәнерлеген оқушылар арасынан 4 өрен, атап айтсақ ынталандыру сыйлығына ие болды. Ал, өлең құрылымы, мағынасы, ұйқасы мен ұтымды тұстары арқылы ерекшеленген Қарашеңгел орталау мектебінің оқушысы Айзат Ғалымбек жүлделі ІІІ орынға, М. Горький орта мектебінің шәкірті Ерасыл Шәріп ІІ орынға ие болды. Ақын бейнесін балғын тілмен келістіре қашап, жауқазын жырын мөлдірете бедерлеген Жамбыл орта мектебінің оқушысы Айтұмар Жанатбекқызы мүшәйра жеңімпазы деп танылып, қаржылай 50 мың теңге, Алғыс хат және аудандық аналар кеңесі сыйға тартқан картинаға ие болды.
Назар Қалиұлының ұрпақтары күй күмбірлетіп, ән әуелеткен мүшәйра соңында жүзден жүйрік шыққан жеңімпазды марапаттаған ақынның жары Күләш апамыздың иығына камзол жабылып, орамал сыйға берілді. Текті әулеттің түтінін түтетіп, немере сүйіп отырған ақ жаулықты ғазиз жүректі ана аяулы жарының жырын сүйіп, шығармашылығын дәріптеуге келген барша жұртқа алғысын білдірді.
Айта кетерлігі ынталандыру мен жүлделі орын алған оқушылар қаржылай сыйлықтарға ие болса, шәкірт баптаған жетекшілері де Алғыс хат арқалап, Назар Қалиұлының «Көңіл-керуен» кітабын еншіледі.
АРДА БИ





