Қасиетті қара шаңырақ Қазақ елі тәуелсіздігін алған күннен бастап ел болудың елгезек шартын іздеді. Сол ізденістің нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда халқымыз ақылға жүгініп, жаңа Конституцияны қабылдады. Иә, бұл ғасырлар бойы бодандық бұғауында жаншылған жұрттың ендігі еркін өмірге жасаған қадамдарының баяндысы еді.
Конституция – туған жердің топырағындай киелі, ана сүтімен дарыған ана тіліміздей қастерлі.
Ата Заң «ел» деген ұлы ұғымды ұйыстырып тұрған өзек. Оның аясында барлық адам тең, барлық пікір есті. Бірлігіне бекем елдің тірегі осы. Халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Заңға мойынсұнған елдің іргесі берік, берекесі мол. Заңға жығылмаған жұрттың барар жері бұлыңғыр, болашағы бұлдыр.
Қанмен келген тәуелсіздік заңмен бекиді деген. Біз үшін заң мызғымас тұғыр. Ол болмаса әділет атаулы бұра тартар, ақ пен қараның аражігі көмескілер. Сондықтан да Ата Заң елдігіміздің ең асыл айғағы, азаттығымыздың айнымас алдаспаны.
Ата-бабамыз арман еткен азат күнге жеткенде сол күннің нұрына сәуле болар Ата Заң да керек еді. Біз оны жаздық. Жазып қана қойған жоқпыз, жүрекпен қабылдадық. Бүгінде сол Заңның шапағатын көріп отырған ұрпақ сол заңға лайық болуға тиіс. Заңды жаттап алу емес, жан-тәнімен сезіну қажет. Оның мәні мен мағынасы – әр азаматтың күнделікті әрекетінде, қоғамға, мемлекетке деген қарым-қатынасында көрінеді.
Ол ұлттың ұяты, елдің еңсесі. Сол үшін де оны сыйлау тек мемлекеттік қызметкердің емес, әр қараша үйдің, әр азаматтың міндеті. Сондықтан Конституцияны ұлықтау ұрпақ алдындағы борыш, болашақ алдындағы аманат.
Елдің елдігі ең алдымен ереже мен тәртіпке телулі. Түстіктен суырылған ұлыс та, терістікке тізгін салған жұрт та баянды тіршілікті заңмен бекіткен. Жауырды жаба тоқымай айтқанда, төрде тұрған Ата заң елдің өрісін кеңейтеді, өркениетін өрге сүйрейді.
Берекенің бастауы бірлік десек, бірліктің бұлағы әділет. Сол әділетті ұрпақ санасына сіңіре алған жұрттың түтіні түзу ұшады. Аңсаған азаттығын алған ел үшін ендігі міндет соны сақтап қалу. Қанмен келген қасиетті күннің қадірін ұғып, қорғауымыз қажет.
С. КӘКІМҰЛЫ





