Мына ғалам өз ішіне есепсіз құпиясын бөктерген, ал адамдар ғұмыр бойы сан мың сырға тамсанумен шектелген. Бар жақсылық бір келердей болып тұратын сыңайлы, жайма-шуақ, көк шалғынды көктеммен. Бұл шындығы өміршең тәмсіл. Жеті қат көктің астын, жеті қат жердің үстін мекен еткен жұмыр басты жаратылыс сана иесінің зәрулігі көп. Соның ішінде ең қажет ететініміз ырыс пен ынтымақ. Қазақ: «Ырысы тасыған, ынтымағы артқан елде өмір сүреміз» деп бекер айтпайды.
Көктемнің үшінші айының бірінші күні Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі. Тірлігінің тіктелгенін ойлаған жұрт әуелі бірлігінің бекемдігін бекітсе керек-ті. Сондықтан осы күнге айрықша ден қойып атап өтеді. Астарына үңілсек татулық пен достықты, өрлеу мен өркендеуді көреміз.
Ел мен елдің, құрылық пен құрылықтың соғыссыз татулық туын көтеруіне жер әлем зәру. Жарқын өмірдің күл-талқанын шығаратын жауыздық пен жауласу. Жалпы адамзат бір-бірін бауыр тартып, мейірімін танытпаса күллі ғұмырының зая кеткені. Ұрпағының келешегін бүлдіргені.
Қазақта «шаңырақ» деген ұғым бар. Құдай жұртымыздың көтерген шаңырағына қасиет қондырып, кие дарытқан. Біз шаңырақтың шайқалып, құты қашпағанын ойлайтынымыз сондықтан.
Қазіргі жастар өздерінің аманат арқалаған буын екенін естен шығармағандары абзал. Ата-бабасының ұлан-ғайыр атырап үшін, азаттық пен ақиқат үшін соғысып төккен тері мен қанын ақтау қажеттігін ұғынғаны жөн. Аманатқа қиянат жасау арсыздың қолынан ғана келетін іс.
Адам ата ұрпағы жер әлемге нұр шашамыз десеңдер бірлік керек қашанда. Достық пенен татулықсыз жығылармыз бос орға. Ынтымағын жарастырған жұрттың әр кез көші алда. Қазақстан жалғыз Отан, сен қарышта, бас алға!
Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: bugin.kz





