25 қазан – барша қазақстандықтар үшін ерекше тарихи күн. Бұл – халқымыздың еркіндікке, елдікке, өзін-өзі басқаруға ұмтылған асыл арманының жүзеге асқанын білдіретін Республика күні. Бұл күн еліміздің тәуелсіздік тарихындағы маңызды белес, ұлттық бірегейліктің, мемлекеттік дербестіктің символы болып табылады.
1990 жылы дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл құжат еліміздің толық тәуелсіздікке бағыт алған алғашқы қадамы болды. Декларацияда Қазақстанның саяси, экономикалық және аумақтық дербестігі айқындалып, халқымыздың өз тағдырын өзі айқындау құқығы ресми түрде мойындалды.
Тәуелсіздікке апарар осы тарихи жол кейінгі ұрпаққа өнеге. Бүгінде Қазақстан әлемге танылған, өз саяси бағыты мен ұлттық мүддесін нық ұстанған егемен елге айналды. Республика күні – осы жетістіктердің бастауы мен рухани мәні терең мереке.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан Әділетті Қазақстан құру жолындағы реформалар еліміздің демократиялық даму бағытын нығайтып, әрбір азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуде. Бұл – егемендік пен елдік мұраттарын нақты іспен айқындайтын жаңа дәуірдің көрінісі.
Осындай айтулы мереке қарсаңында барша жерлестерімді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, мемлекетіміздің іргесі берік болсын!
Бірлігіміз бен татулығымыз мәңгі жасай берсін!
Медет МҰҚАТАЙ
Жетісу облыстық мәслихатының депутаты





