Эльмира ФАЙЗУЛИНА,
«Туган тел» татар мәдени орталығының төрағасы:
– Наурыз – түркі халықтарының ұлы мерекесі. Мейрам қарсаңында көктемнің тұмса табиғатымен жарыса татар халқы үй-іштерін жаңалап, аулаларын тазартып, қыз-жігіттер әдемі киініп, таңсәріден көрші-қолаң жиылып мәре-сәре болып жатады.
Бұл күні кәрі-жасы көшеге әдемі киініп шығып, бір-бірінің үйіне барып, ақжарма тілектерін айтады. Жас балалар Ұлыстың ұлы күні жылы лебіз білдіріп, жақын маңдағы үйлерді аралайды. Бұған жауап ретінде ересектер балаларға арнайы даярлаған тәттілерін ұсынады.Ұлттық тағам мен ойындарды да ұмыт қалдырмаймыз. Татар халқы дастарқандарын чак-чак, коштеле, күлше, куллама (қазақтың асына ұқсас), тукмач, пәрәмәч, губадия секілді ұлттық тағаммен толтырады. Арнайы бөлінген алаңдарда ән салып, би билеп, бәйге, шелекпен жүгіру, таяқ тартысы секілді татардың ұлттық ойындары ойналады.
Татулықты ту еткен, береке-бірлікті жыр еткен Ұлыстың ұлы күнінің өзге мерекелерден айырмашылығы – елімізді кешірімді болуға баулиды. Үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты орнатып, қателікке кешіріммен қарауды, даналық пен ұлағаттылықтың үлгісін көрсетуді, салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты сақтай білген күн баршаңызды шаттыққа бөлесін.





