Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де ұстаз. Жас ұрпақ тәрбиесі үлкен жауапкершілік жүктейді. Оған сіңірер ұстаздар еңбегі де өлшеусіз. Халық даналығында «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген сөз бекер айтылмаса керек. Көк құрақтай көз қуантып өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиелейтін Ұстаздар күніне орай мерекелік шара өтті.
Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында өрнек тапқан салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Диас ЕСДӘУЛЕТОВ:
– Президент атап өткендей, озық ұлтқа айналу үшін білім мен ғылымды дамытуға басымдық беру қажет. Облыста балалардың сапалы білім алуына барлық қажетті жағдай жасалуда. Мектептер жаңа үлгідегі заманауи кабинеттермен жабдықталып, цифрлық технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Педагог мәртебесін көтеру және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар атқарылуда. Жыл сайын 3 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Білім беру ұйымдарында колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерінен 251 жас маман жұмысқа орналастырылды. Ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту мақсатында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда 1 мың 121 маманға көтерме жәрдемақы төленіп, 432 маманға баспана алуға жеңілдетілген несие берілді. Бүгінде жас ұрпақты білімге баулып, тәрбиелеуде жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді, – деген Диас Рахметұлы өз ісін абыроймен атқарып жүрген ұлағатты ұстаздарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Гүлзира АЛИАСҚАРОВА,
Облыстық дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми тәжірибелік орталығының әдіскері:
– Болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылдан асты. Табан аудармай білім саласында жұмыс істегенімнің арқасында еңбегім еленіп, әрбір ұстаз үшін маңызды марапат – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Әлі де тынбай жұмыс істеп, білімді, адал ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерімізді саламыз.
Осыдан кейін болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқан мұғалімдер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, «Еңбек ардагері» медалімен, Оқу-ағарту министрлігінің «Ы. Алтынсарин» және Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Ләззат Еркінбаева «ҚР Конституциясына 30 жыл» мерейтойлық медалін алды. Шара барысында жылдың үздіктері де марапат төрінен көрініп, қаржылай сыйлықтарға ие болды. Атап айтсақ, «Үздік балабақша» байқауының жеңімпазы атанған Панфилов ауданы, «Балдырған» бөбекжай-бақшасына 1 млн. теңгенің сертификаты табысталды. «Үздік ауыл мектебі» байқауының жеңімпазы Алакөл ауданы, Бескөл ауылындағы Д. Қонаев атындағы орта мектебі мен «Жетісу ұстазы» байқауының жеңімпазы атанған Ескелді ауданы, Н. Алдабергенов атындағы орта мектебінің география пәні мұғалімі Анжелика Нестеренкоға 1 млн. 100 мың теңге берілді. Ал «Үздік сынып жетекші» байқауының жеңімпазы Панфилов ауданы, Крылов атындағы орта мектебінің сынып жетекшісі Арай Жұмабекова 500 мың теңгенің сертификатын алды.
Алмас ТҰРСЫНБАЕВ,
Бескөл ауылындағы Д. Қонаев атындағы орта мектебінің директоры:
– Қазір ауыл мен қала мектептерінің дәрежесі бірдей. Ауыл мектептерінде де заман талабына сай IT технологиялар бар. Біз осы дүниені дәлелдеп, оқушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарғанның нәтижесінде «Үздік ауыл мектебі» атандық. Байқауда жеңімпаз атану біз үшін үлкен мәртебе. Мектеп – жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен екенін ұмытпайық.
Жиын соңында облысымыздың өнер жұлдыздары мен мектеп оқушылары концерттік бағдарлама ұсынып, ұстаздарға деген құрметтерін көрсетті.
Айдар ҚАЛИЕВ





