Футболдан әлем чемпионаты қарсаңында LEGO компаниясы жарнамалық бейнеролик жариялап, онда әлем футболының төрт жұлдызы – Лионель Месси, Криштиану Роналду, Килиан Мбаппе және Винисиус Жуниорды бір кеңістікте тоғыстырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бейнеролик футбол жанкүйерлері арасында бірден кең тарады. Месси мен Роналдуды бір жарнамада қатар көру сирек құбылыс болса, олардың қасында жаңа буын өкілдері – Мбаппе мен Винисиустың болуы қызығушылықты арттырды. Нәтижесінде видео әлеуметтік желілерде жылдам тарап, 20 сағат ішінде 158 миллионнан астам қаралым жинады.
LEGO форматы вирустық таралымға қолайлы. Қысқа әрі визуалды түрде қарапайым видеолар TikTok пен X желілерінде оңай таралып, қайта жариялануға мүмкіндік береді.
OneFootball порталының мәліметінше, роликтің табысы тек жұлдыздардың қатысуымен шектелмейді. Анимация сапасы да жоғары деңгейде орындалған. Әр футболшының қимыл-қозғалысы мен ишарасы дәл беріліп, жанкүйерлер ойыншық бейнесінен өз кумирлерін оңай таниды.
Сюжет бойынша жұлдызды төрттік LEGO текшелерінен әлем кубогын құрастырып, әрқайсысы кубоктың төбесіне өз мүсіншесін орнатуға тырысады.
Маркетологтардың пікірінше, бұл – кездейсоқ брендтік интеграция емес, мұқият ойластырылған медиаөнім. Роликте екі дәуірдің тоғысуы көрсетілген: бір жағында – Месси мен Роналду, екінші жағында – жаңа буын көшбасшылары Мбаппе мен Винисиус. Осы тәсіл әртүрлі жастағы аудиторияны қамтуға мүмкіндік берген.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда футбол тек спорттық бәсеке ғана емес, эмоция мен символдар арқылы ұсынылатын жаһандық өнімге айналған. Бұл жарнама әлем чемпионатын ірі спорттық оқиғамен қатар, ойын-сауық индустриясының бір бөлігі ретінде насихаттау жүріп жатқанын көрсетеді.
Әлеуметтік желі қолданушылары бейнероликке белсенді пікір білдіріп жатыр. Көпшілік оны «ең үздік жарнамалардың бірі» деп бағалап, жұлдыздардың бір роликте бас қосуына таңданысын жасырмаған.
Жақын арада LEGO компаниясы осы төрт футболшыға арналған эксклюзивті жинақтарды сатылымға шығаруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канадада өтеді.





