«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында соңғы үш жылда денсаулық сақтау саласында 101 нысан пайдалануға беріліп, 6 нысан күрделі жөндеуден өтті.
Жетісу өңірі блокты-модульді медициналық кешендерді орнату тәжірибесін алғашқылардың бірі болып кеңінен қолдана бастады. Соңғы үш жылда жергілікті бюджет есебінен 61 нысан салынса, оның 26-сы өткен жылы пайдалануға берілді. Осыған орай, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында салынып жатқан медициналық нысандардың құрылысы партиялық бақылауға алынды.
Осы мақсатта Жетісу облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Руслан Валишанов, комиссия төрағасының орынбасары Ерғазы Қошанбеков және облыстық мәслихат депутаты Бекет Бласов Қаратал және Ескелді аудандарында салынып жатқан бірқатар медициналық нысандарды бақылаудан өткізді.
Атап айтқанда, Қаратал ауданының Қызылжар, Қанабек, Ортатөбе ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің (ФАП), сондай-ақ, Ескелді ауданының М.Баисов ауылындағы ФАП пен Шымыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы тексерілді.
Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Руслан Валишанов құрылыс жұмыстары алаңында бірқатар кемшіліктер анықталғанын атап өтті:
«Мердігерлерге құрылыс-монтаждау жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Қабырғалардың қалану сапасы стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ, пандустардың үстіне шатырлар орнату, сыртқы қоршауларды толық бетондау, ғимараттардың төмен қалануы сияқты мәселелерге ерекше назар аударылды», — деді ол.
Айта кетейік, ағымдағы жылы 292 денсаулық сақтау нысанының 167-сі жаңартылуы жоспарланып отыр.
«Жетісу-Ақпарат»