Биыл жергілікті мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл. Осы уақыт аралығында депутаттар халық пен билік арасында дәнекер болып, жұртшылықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында аянбай қызмет етуде. Халық қалаулылары елдің талап-тілегіне құлақ түріп, өзекті мәселелерді шешу үшін қыруар жұмыс атқаруда.
1993 жылдың 10 желтоқсанында «Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл Заң жергілікті мемлекеттік органдардың құрамын және атауын өзгертіп қоймай, облыс, аудан, қала аумағындағы халықтың өкілді органы – мәслихат депутаттар жиналысын қалыптастырды. 1994 жылдың 7 наурызында жергілікті билік органы болған мәслихаттарға алғашқы сайлау өтіп, тұңғыш рет мәслихаттар институты құрылды. Содан бері халық қалаулылары елімізді өркендету үшін тынбай еңбек етіп келеді.
Жетісу облысындағы халық қалаулыларының мәслихат мінберінде көтеріп, шешкен мәселелері жетіп артылады. Облыстық мәслихатта 5 тұрақты комиссия құрылған. Олар әр сала бойынша қызмет істеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басшылыққа алып, жүйелі қызмет етуде.
Тұрмыстық қиындықтар жүдеткен немесе әділдік іздеп шарқ ұрған адамдардың көпшілігі халық қалаулыларына шағымданады. Жұртшылықтың көбі «жоғын» тауып, өтініштерін қанағаттандырып жатады. Олай болса Жетісу облыстық мәслихат депутаттарының араласуымен шешілген мәселелерінің біразына шолу жасап көрейік.
Былтыр Тұрпан және Сарыбел ауылдарының Мәдениет үйлерінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мәселе көтерілген еді. 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеттен екі нысанның жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінетін болыпты. «Айналайын» балалар үйінің жазда демалатын лагерінің күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететіні туралы мәселе де оң шешімін тапты. Былтыр жергілікті бюджеттен «Инватакси» қызметі үшін 293,4 млн. теңге қаражат бөлініп, облыс бойынша 23 арнайы көлік мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетіпті. Өтенай ауылдық округі тұрғындарының жаңа дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу жөніндегі өтініші 2024 жылғы жоспарға кіріп, оң шешімін тапты. Қаладағы 3-ші бөлімшенің Көкбастау көшесінде орналасқан 9 үйге су құбыры желілері тартылды. «Жастар 1/1» тұрғын ауданы бойынша да су құбыры және кәріз жүйелері назардан тыс қалмай, 2024 жылы ұзындығы 9,8 шақырым құрайтын ауызсу және кәріз желісін орнатуға мемлекеттік сатып алу порталында конкурстық рәсімдер жүргізіліп, мердігер анықталды.
Талдықорғанда 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиялары бар мүгедек балалар мен тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтуға арналған «Бәйтерек» оңалту орталығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе басқа ғимаратқа көшу туралы мәселесі бойынша 22,1 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесінде 2024 жылға бюджеттен 575 млн. 879 мың теңге бөлінді. Алакөл ауданы Үшқайың мен Тұяқбай ауылдары арасындағы облыстық маңызы бар 4,6 шақырым автомобиль жолына 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарына 100 млн. теңге, 2024 жылға 197,5 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, бұрын әлеуметтік маңызы бар аурумен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа кірісін есепке алмағанда ай сайын 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетілетін болған. Осы мәселе туралы депутаттық сауал жолданып, әлеуметтік көмек мөлшерін 7 АЕК көтеру ұсынылып, оң шешімін тапты.
Бұдан бөлек, облыстық мәслихат депутаттарымен есепті кезеңде жалпы сомасы 35 370 000 теңгені құрайтын қайырымдылық және демеушілік іс-шаралар мен акциялар өткізіліп, аз қамтылған азаматтарға кең көлемді көмек көрсетілді. Бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА, облыстық мәслихат төрағасы:
– Депутаттың міндеті – тұрғындардың көкейінде жүрген әр сауалға жауап беру, алаңдатып жүрген мәселелері болса шешімін табу. Есепті кезеңде мемлекеттік органдарға 140 депутаттық сауал жолданды. Барлық депутаттық сауалдар уақытымен қаралып, тиісті шаралар қабылданды. Біз билік органдарымен бірлесіп, бір мақсат жолында үндесіп, халқымыздың талап-тілегін орындай отырып, ел игілігі үшін қызмет етеміз.
Қайрат КЕРЕЕВ, Жетісу облыстық мәслихатының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша комиссия төрағасы:
– Мәслихат депутаттарының негізгі міндеті – халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу арқылы шешілуін қамтамасыз ету. Сондықтан біз үнемі жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз етуді басты назарға аламыз. Біздің сала бойынша есепті кезеңде комиссия мүшелері өткізген 21 қоғамдық қабылдауда 42 адамның өтініш-тілегіне орай 13 депутаттық сауал жолданды. 25 мәселе оң шешімін тапты. Халықтың сұранысына құлақ қойып, ұсыныс-өтініштерін ескере отырып, нәтижелі жұмысты атқару қажеттігі депутаттар үшін маңызды болып қала береді.
Сәкен Шеңгелбаев, Жетісу облыстық мәслихатының экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы:
– Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылға дейін қант қызылшасын 15 мың гектарға ұлғайту міндеті тұр. Бұл мәселе бойынша тұрақты комиссияның отырысында «Жетісу облысының 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Сонымен қатар, «Қорғас» халықаралық шегаралық ынтымақтастық орталығының жұмысы, облысымыздағы жол қауіпсіздігі және туризмді дамыту, балалар мен ересектер арасында синтетикалық есірткілер және вейптерді тарату мәселелерін шешу үшін тұрақты комиссия жүйелі жұмыс істеп жатыр.
Қуат Баймырзаев, Жетісу облыстық мәслихатының денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі саясат және спорт мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы:
– Біздің сала бойынша комиссия мүшелері мектептегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, халыққа әлеуметтік көмек, мүгедектерге, әйелдерге, этносаралық қатынастар бойынша мәселелеріне ерекше назар аударады. ҚР Конституциясы және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңына сәйкес Жетісу облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы облыс тұрғындарының өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту үшін атқарушы билікпен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастыруда.
P.S. Бұл – ел тілегіне құлақ түріп, аманатын арқалаған депутаттардың бір жылда атқарған жұмысының бір бөлігі ғана. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, атқарушы билік пен қарапайым халықтың арасында алтын көпір болып жүрген халық қалаулыларының алға қойған мақсаты айқын. Ол – көпшілікті толғандырып жүрген түйткілді мəселелердің түйінін тарқатуда бірлесе жұмыс жасау.
Айдар ҚАЛИЕВ





