Аймақта жылдар бойы қордаланған жер, су және әлеуметтік әділдікке қатысты мәселелер енді республикалық деңгейде талқыланбақ. «Respublica» партиясының Төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаровтың облысқа жасаған жұмыс сапары өңір халқының өзекті мәселелерін ашық айтуға мүмкіндік берді.
Сапар барысында депутат партияның өңірлік активімен, қоғам өкілдерімен, кәсіпкерлермен және жергілікті атқарушы орган басшыларымен кездесу өткізді. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін, тұрғындарды алаңдатқан нақты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Кербұлақ ауданына қарасты Бостан ауылы тұрғындары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден айырылып қалу қаупіне алаңдаушылық білдірді. Бұл тек бір ауылдың ғана емес, жалпы ауылдық жерлердегі жер қатынастарының жүйесіндегі олқылықтарды көрсетеді. Ал Сарыөзек кентінде жергілікті тұрғындар алдағы әкім сайлауының ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету қажеттігін көтеріп, жергілікті басқаруға көңілдері толмайтынын ашық айтты.
Өңір үшін ең өткір проблемалардың бірі – ауызсу тапшылығы мен сумен жабдықтау инфрақұрылымының тозуы. Елді мекендерде су жүйесінің ескіруі тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етіп отыр. Сонымен қатар, «Аналар үйінде» тәрбиеленіп жатқан қыздарға берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың мерзімін ұзарту мәселесі де күн тәртібінде айтылды. Бұл бастама әлеуметтік әлсіз топтарды қолдаудың нақты тетіктерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.
Кездесуде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы берілетін субсидияларға қолжетімділік, рәсімдердің ашықтығы мен әділдігі де кеңінен талқыланды. Кәсіпкерлердің айтуынша, қолдау тетіктері бар болғанымен, оны алу жолындағы бюрократиялық кедергілер әлі де азаймай отыр.
Айдарбек Ходжаназаров өңір тұрғындары көтерген мәселелердің кездейсоқ емес, жүйелі сипатқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл түйткілдер партияның тұрақты бақылауына алынып, оларды шешу жолдары тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе, соның ішінде Парламент қабырғасында да пысықталады.
– «Respublica» партиясы өңірлердегі азаматтардың нақты сұраныстарына сүйенеді. Біз уақытша шаралармен шектелмей, ұзақ мерзімді әрі жүйелі өзгерістерге бағытталған саясатты ұстанамыз, – деді партия төрағасы.
Кездесуде көтерілген мәселелердің Парламент деңгейіне шығуы өңір халқының үні естіліп, нақты шешімдер қабылдануына жасалған маңызды қадам іспетті. Ендігі үміт айтылған сөздің іске айналып, халық күткен оң өзгерістердің жүзеге асуында.
Медет ЖҰМАБАЙ





