«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында праймериз өткізудің маңызы зор екенін уақыт дәлелдеді. Партияластар арасындағы бәсекені күшейтіп, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азаматтарды таңдау барысында саяси доданың алғашқы кезеңі басталып кетті. Біз үшін бұл іріктеу – демократия дәстүріне сай қолға алынған тың бастаманың бірі, саясат өрісінде жаңашылдыққа ұмтылған ел азаматтарының ширақтығы сыналатын сәт.
Мен сенімді өкілі болып саналатын Ботагөз Серікқызы Байбатырова экономика және қаржы саласының білікті маманы. Ол «Болашақ» бағдарламасы арқылы Германияда жан-жақты білім алған. Сонымен қатар, заңгерлік мамандығы бойынша да жоғары оқу орнын тамамдаған. Экономика саласынан ғылым кандидаты, неміс және ағылшын тілін еркін меңгерген аса қабілетті азамат. Оның экономист және қаржыгер ретіндегі еңбек өтілі жиырма жылдан асады.
Ботагөз Серікқызы кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында, еліміздің газ саласындағы бірқатар ірі компанияларында жұмыс істеген. Газ саласындағы елеулі еңбегі үшін бірнеше мәрте «КазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының, Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің, «РИР «СПК «Жетісу» АҚ-ның Құрмет Грамоталарымен және «Nur Otan» партиясы Бостандық аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталған.
Ол «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде халықтың қажеттілігі мен тілегін, арман-мақсатын жақсы біледі және бұл маңызды мәселелер оның сайлауалды бағдарламасында жан-жақты қарастырылған. Депутаттықтан үміткер Алматы облысы бойынша және өзінің туған жері Жамбыл ауданының аумағында осы бағдарламаны лайықты жүзеге асыруды мақсат санайды.
Егер ол депутат болып сайланса, мынадай басты мәселелердің шешімін табуға үлес қоссам дейді. Мәселен, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға барынша ықпал етуді көздей отырып, бұл орайда ауыл ішіндегі автомобиль жолдары мен жүргінші жолдарының сапасын жақсартуға, кәріз құбырлары жүйесінің жаңғыртылуын және кеңейтілуін жүзеге асыруға, елді мекендерде медициналық амбулаториялар мен қосындар қатарын арттыруға, ауылдарды газ құбыры желісімен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруға тиісті құзырлы мекемелер арқылы жәрдемдеспек.
Сонымен қатар, ол ірі инвесторлар тартуды, фермерлер үшін нарыққа тікелей шығу мәселелерін шешуді, өзіндік өнеркәсіптік активтері мен өткізу рыногы бар горизонтальды кооперативтер құруды мақсат тұтады.
Бизнес райын жақсарту барысында да ізденісті жұмыстарды жүзеге асырмақшы. Бос жатқан жерлер телімінің және өндірістік алаңдар мен орындардың, қуаттылығы көрсетілген инфрақұрылым карталарының тізілімін жасап, оны еркін пайдалануға болатындай етіп орналастыру жолдарын қарастырсам дейді.
Жастық жігеріне сай жалындап тұрған осындай азамат күні ертең депутат болып сайланса, бізді болашақта игілікке жетудің оңтайлы жолына бастайды деген сенімдеміз. Ендеше, облыстық мәслихат депутаты және Ботагөз Серікқызының сенімді өкілі ретінде мен барша партияластарымды осындай өрелі азаматтың жолын ашуға шақырамын. Ботагөздің әлеуметтік желідегі парақшасына да үңіліңіздер. Оған қолдау көрсетіңіздер, жас талапты қолтығынан демеңіздер, дауыс беріңіздер!
Доғдыргүл МОЛДАХАЛЫҚОВА,
облыстық мәслихат депутаты,
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі





