Сол себепті кез келген ана қыздарының қол қусырып отыруын жат әдет санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе ине ұстатып, көрпе көктеп, жүн түтуге бейімдеген. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де тігін тігу өнерін анасынан үйренгенін айтады.
Алтын Сламқожақызы – атамекеніне осыдан үш жыл бұрын елім, жерім деп аңсап келген қандасымыз. Анасының айналасында жүріп құрақ құрауды, киім тігуді үйренген кейіпкеріміз өз ісінің шебері болып, өскелең ұрпаққа өнегесін бөлісіп жүр.
– Менің ата-анам Қытай мемлекетінде зиялы қауым өкілдері болды. Өзім көпбалалы отбасынан шықтым. Анамның тіккен тігініне, ойған оюына қарап отыратынмын. Ол тігін тігу ешқашан ұмытылмайтын іс екендігін айтып, қолдау білдіріп отыратын. Содан 18 жасымнан бастап анам осы іске баулыды. Біз тұрған жерде аудан орталығында тігін курсын оқыдым. Кейіннен Үрімжі қаласында да тігін курсын оқып, тәжірибемді одан ары арттыра түстім. Кейіннен отбасын құрып, балалы болғаннан кейін уақытша тігіншіліктен қол үздім. Осыдан үш жыл бұрын атамекен деп аңсап келіп, үйде бос отырмайын деп базардан шағын тігінхана ашып, қайтадан қолөнерімді жалғастырудамын. Қазақ бүгінге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді, көйлек пішіп, ою салады. Бұл ешқашан өзін жоғалтпайтын сала, – дейді ісмер.
Тоқыма өнеркәсібі, тігін тігу өнері еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті дамытып отыр.
Көбінесе Алтын киім-кешек, атап айтқанда, шалбар, оюмен әшекейленген шапан, қыздардың көйлегі сынды бұйымдарды жасайды. Сонымен қоса көрген жанның көзі тоятын көрпе-жастығына, төсек жабдығына тапсырыс беретіндердің де сұранысын орындап жүр.
Алтын жіпті кестелеген алтын қолды өнер иесі болашақта тігін цехын одан ары дамытып, тұтынушылардың талабын молынан орындамақ ойы бар.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ






