Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері кәсіпкерліктің керегесін кеңейтіп, несібесін молайтуға қазақ әйелдерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жаңа қоғамға нық қадам басып, нақты да нәтижелі іске білек сыбана кіріскен кәсіп иелерінің көшбасында «Дана» жекеменшік мектебінің негізін салушы, «Biliminvest» білім саласындағы инвесторлардың ұлттық қауымдастығының вице-президенті, «Ерен еңбегі» үшін және «Құрмет белгісі» медальдарының иегері Күләнда Батырбекованың тұратыны айдан анық.
Іргелі қонысқа айналған Жаңа Қуат ауылынан «Еркем-ай» балабақшасын ашып, елге қызмет етуді бастаған Күләнда Уәлиханқызы уақыт өте келе кәсібін кеңейтіп, аталған ауылдан бастауыш сыныптарға арналған «Дана» деп аталатын жекеменшік мектебін ашып, өңірдің оқу-ағарту саласына соны серпін қосты. Бұл тәуелсіз еліміздің кәсіпкерлікті дамытудағы басты жаңалығы әрі жетістігінің нақты көрінісі дер едік. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы аясында танымал кәсіпкер әрі отбасының ұйытқысы, аяулы ана Күләнда Батырбековамен сыр-сұхбат құрған едік.
– Күләнда Уәлиханқызы, кәсіптің көзін балабақшадан бастауыңыздың сыры неде еді?
– Жаңа қоныста балабақшаның болуы аса маңызды. Тұрғындардың дені қалаға қатынап жұмыс істейтін болғандықтан олардың балаларын сеніп тапсыратын бірден-бір орын ол балабақша болатын. Осыны ескеріп, 2009 жылы екі топқа, яғни, 50 орынды «Еркем-ай» балабақшасын аштық. Оның жалпы аумағы 2400 шаршы метрді құрады. Ал 2011 жылы оның көлемін ұлғайтып, күзінде 125 орынды балабақшаға айналдырдық. Ойға алған мақсатыма жету жолында тәуекелге бел байлап, жылжитын, жылжымайтын мүліктерімізді сатып, көп қаржы құйдық. Бұған отбасымызбен түгел атсалыстық. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірлесіп, тынбай еңбек еткеннің арқасында жобамыз толыққанды жүзеге асты. Жыл санап бала саны да артып, 250-ге жетті. Балабақша жұмысы бір қалыпқа кеп жүйеленген соң, ауылымыздың тұрғындары алдында бастауыш сыныптарға арналған жекеменшік мектепті салатындығыма уәде берген едім. 2013 жылы жалпы аумағы 6236 шаршы метрлік мектептің іргетасы қаланып, екі жылдың ішінде бүкіл оқыту кабинеттері, бассейн, спорт зал, акт зал, кітапхана, асханасы бар, бір сөзбен айтқанда баланың барлық қажеттілігін өтейтін «Дана» мектебінің тұсауы кесілді. Оның ашылу салтанатына министрлік, басқарма, бизнес және БАҚ өкілдері қатысты. Содан бері мектебімізде 500-ден аса бала білім алуда. Оның 126-сы мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері.
– Толқыннан толқын туатыны тәрізді, кәсіпкерліктің керегесін кеңейте беруге де ықылас-ниет керек шығар.
– Кез келген кәсіп иесі бір ғана іспен шектеліп қалуға болмайды. «Дүкен аштым, болды» деу дұрыс емес. Өзін-өзі қайрап, жетілдіріп жүретін адамға жұмыс табылады. Мысалы, мен ертеңгісін мектепке келіп, терезеден сыртқа көз тіксем, әйтеуір бір идея келеді. Солай ойланып тұрғанымда, көрші үйді сатып алу қажеттігі сап ете түсті. Сөйтіп, 27 сотық жерді алып, оған жоғары сыныптарға арналған тағы бір мектеп салу жобасы туды. Әлгі ой мені тыным таптырмады. Бастауыштан кейін балалар қайда барады? Одан да үйренген мектебінде оқуын жалғастырғаны жөн емес пе? Міне, жарқ еткен жоба сәтімен жүзеге асты. Аумағы 3472 шаршы метрлік жаңа ғимаратта 300 оқушы оқитын болады. Қазіргі әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты онлайн оқуда ғой балалар. Күні ертең салтанатты түрде есігін ашқанда біздің мектебіміздегі оқушылардың жалпы саны 800-ге жуықтайды. Бұдан бір ауылдың балалары қамтылатындығын байқауға болады. 2,5 жасында балабақшаға келген баламыз биыл 9-сыныпта оқып жатыр.
Бұл екіжақты, мемлекет пен жекеменшік әріптестік арасындағы келісімшарт негізінде жасалған жоба. Бастапқы жылдары 24 пайыздық несие алудың қиындығы қандай еді? Енді, міне, үкімет тарапынан жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсетуінің арқасында 6 пайыздық несиеге қол жеткізіп отырмыз.
– Күләнда Уәлиханқызы, сіз үлкен кәсіптің құлпын аштыңыз, бүгінгі қоғамда жеке бизнесті дамытудың артықшылығы мен қиыншылығын, оған барар қадамның қандай болмағын әбден зерделеген жансыз. Айтыңызшы, бизнеске бала жастан баулудың мүмкіндігі бар ма?
– Менің мамандығым қаржыгер болғандықтан бизнеске қадам жасау аса қиындық тудырмады. Сонау 1993-1995 жылдары апаларға арналған көйлек-көншек тігетін шағын цех ашып, содан бастау алған болатын. Сол жылдары Қытайдың 6 қаласына іссапармен барып, талай дүниеге қанықтым. Кәсіпті кеңейтуге, жетілдіруге сол сапарлардың оң әсері тиді. Сырт мемлекеттерде жекеменшік мектептер қаладан тысқары ауылдарда салынады екен. Олардың тарихы 100 жылдап тереңде жатыр. Ең қызығы, әр мектеп әр салаға бейімделгенін байқадым. Спорттың сан түрінен қалыптасқандары жетерлік. Соны зерделей келе маған да ауыл балаларын қолына күрек, балға ұстай алатын еңбек адамы етіп неге қалыптастырмасқа деген ой келді.
Жоғары сыныптарға арналған жаңа мектебімізде ұлдар мен қыздарға арналған әрбірі 100 шаршы метрлік жаңа технологиялық кабинеттер әзірленуде. Мысалы, ұлдар ағаштан ою ойса, қыздарымыздың бесаспап аспаз немесе тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп шығуына мүмкіндік жасалмақ. Оған қажетті оқыту, үйрету құрылғылары түгелге дерлік сатып алынды. Енді біртіндеп орнатылатын болады. Техника қауіпсіздігін ескеріп, мектеп оқушыларына ыңғайлы түрлерін Ресей, Қытай, Еуропа елдерінен сатып алдық.
Жоғарыдағы сауалыңыз өте орынды. Балаларды бизнеске бала жастан баулып, кәсіпке икемдеудің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бізде оқитын балалар оны жақсы біледі. Күні ертең олар жұмыссыз қалмайды. Өзімен қоса, отбасын асырауына икемді боп шығары сөзсіз. Осы себепті, мектебімізде «Оқушы кәсіпкерлер» клубы ашылып, көкөніс өсірудің әдіс-тәсілін үйренді. Баяғыша бос сөз емес, нақты іспен көрсете алады. Балалардың бойынан «көрсем, білсем» деген қызығушылық айқын аңғарылады. Жермен жұмыс істеп көрген баланың фермер болуға, жылыжай шаруашылығын жүргізуге әбден дайын болары хақ. Сондықтан белгілі бір кәсіпке бейімдеп шығару 100 пайыз жүзеге асатын жарқын жоба болмақ.
– Жекеменшік мектепте тек байлардың, яғни, қалталы азаматтардың ғана баласы оқиды деген қағида қалыптасқан.
– Бұл жаңсақ пікір. Бастысы – қолжетімділігін арттыру керек. Әркім өзінің баласы үшін әрекет етеді. Балаға құйған бүгінгі инвестиция ертең өзіңді асырайды. Мектебіміздегі оқушылардың дені ауыл балалары. Біздің мақсатымыз – олардың сапалы білім алуымен қатар қабілет-қарымына, бейіміне қарай өнерге, еңбекке баулу және күні бойы жүретіндіктен аш болмай, қалыпты нормада дұрыс тамақтануына баса назар аударылады. Дұрыс тамақтанған әрі дені сау баланың сабақты қабылдауы да жақсы нәтиже көрсетеді. Біздің мектептің балалары шетінен талантты, тәрбиелі. Олардың арасында халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада жүлдегерлері бар.
– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Қазір 80-ге жуық мұғалім жұмыс істейді. Енді жаңа мектеп ашылса тағы да 20-25 мұғалімге вакансия бар. Сонда 100-ден аса адам еңбек ететін болады. Жекеменшік мектептерге не айтсаң соны ғана орындайтын емес, еркін ойлы, тәуелсіз, мықты мұғалімдер келеді. Сондықтан маман мәселесіне еш алаңдамаймыз.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Мен жоспарым жүзеге асқан сайын қуанып, қуаттанып отыратын адаммын. Оқудан, ізденуден жалыққан емеспін. Дамыған елді орнату үшін бәріміз дамуымыз керек. Бір ғана іспен шектелмей, сан түрлі кәсіппен айналысу артық етпейді. Балабақшадан басталған бизнесім үлкен мектептің салынуына себепкер болды. Алдағы жылы дарынды балаларға арналған 50 орынды жатақхана салудың жоспарын жасап қойдық. Одан бөлек, осында жұмыс істейтін мұғалімдердің баспаналы болуын қамтамасыз ету мақсатында 59 сотық жер сатып алып қойдық. Отбасы банкі арқылы жас мамандарға баспана салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы көктемде қазығы қағылады.
– Қайырымдылық шараларына қатысасыздар ма?
– Әлеуметтік бағытта жұмыс істеп жатқандықтан халықтың жай-күйіне қарайласпай отыра алмаймыз ғой. Балабақшадан бастап, мектепке келетін балалардың да төлемақысына әлеуметтік жағдайына қарай жеңілдіктер жасалады. Жыл сайын 12 анаға қаржылай қамқорлық көрсетіп отырамыз. Сонымен қатар, 50-ге жуық инклюзивті бала тегін оқытылады.
– Ашық әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз еселене берсін!
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы





