Балқаш ауданының «Агрофирма Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде күріш жинау науқанын табысты аяқтады. Аталған шаруашылыққа барған сапарымыз осынау жауапты науқанның қорытындыланар сәтіне тап келіпті. Соған орай күріш чектері басынан жолыққан серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Аршын Жақыповты әңгімеге тарттық.
– Ауа райының мынадай ашық кезеңінде комбайндар неге тоқтап тұр?
– Дестеге салынған күріш дымқыл. Сондықтан толық кеппейінше дәнді бастыруға болмайды, – деген Аршын Жақыпұлы бізді науқан басталғалы бері атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті.
– Комбайншыларды асықтырудың, әр минутты үнемді пайдалануға шақырудың қажеттілігі жоқ. Өйткені әр механизатор өз жұмысын жақсы біледі, жұмысты барынша жақсы, нәтижелі атқарса төккен терінің де соншалықты қайтарымы болатынын ұмытпайды. Әр күнге норма белгіленген, сол нормасын орындағандарға, асыра орындағандарға әр аптаның аяғында сыйақы жүріп отырады, – дейді ол.
Аршын Жақыпұлымен әңгіме барысында білгеніміздей, күрішті дестеге түсірудің күндік нормасы 7 гектар, бастыру нормасы 10 тонна мөлшерінде екен. Нормасын орындағандар күріш орағы кезінде айына 250-280 мың теңгеге дейін жалақы алатын көрінеді. Жыл қорытындысы бойынша өткізілетін сабантойда озаттарға берілетін сыйлық бұл көрсеткішке кірмейді. Бұрындары ондай той үстінде озаттарға сыйлыққа автомашина мен басқалай құнды марапаттар ұсынылатын болса, қазіргі кезде көп ретте ақшалай беріледі екен. Маусымдық нормасын орындағандар, асыра орындағандар еңбектеріне қарай науқан қорытындысында 1-2 тоннаға дейін арпа-бидай, күріш алып жатады. Өтініш білдірген жағдайда күрішті арнайы зауытта ақтатып алуға да болады. Сол сияқты сушылар үшін де бөлек норма, ынталандыру шаралары белгіленген.
Тағы бір айта кететін жайт – күріш орағына қатысатындарға агрофирма есебінен екі мезгіл тегін ыстық тамақ ұйымдастырылады. Барлық жұмысшылар белгілі бір мөлшерде тегін жемшөппен, одан асып жатса арзан мал азығымен қамтамасыз етіледі. Осындай жеңілдіктер жасалынған шаруашылықта жұмыс істеудің өзі ғанибет екен-ау деген ойда қалдық.
Жол бойында байқағанымыз – күріші жиналып алынған алқаптар бірден сүдігерге жыртылып, келер жылғы егіске дайындалуда. Егіс айналымы бойынша бұл жерлерге келесі жылы арпа мен бидай өсіріледі, одан кейінгі жылдары аталған дақылдар көпжылдық шөпке – жоңышқаға орын береді. Қай чекке көз салсаңыз да жүйелі атқарылып жатқан жұмыстар, жылдар бойы қалыптасып, бір ізге түскен шаруа үрдісі байқалады.
Биыл агрофирма бойынша 1114 гектарға күріш,1600 гектарға бидай, 2400 гектарға жоңышқа себіліпті. Оның бәрі дер кезінде төкпей-шашпай жиналып алынған. Бұл орайдағы жұмыстардың ойдағыдай атқарылуына жаңағыдай ынталандыру шараларының оң ықпал еткені сөзсіз. Осылайша біз Бірліктегі көңіл сүйсінерліктей тірлікке риза болып қайттық.
Н. Додабайұлы





