Қолға біткен төрт түлікті жаз жайлау, қыс қыстауда өрістету қазақтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі. Қыста арнаулы орында баптап, жазда самал желмен тербелген тау шөбіне тояттату арқылы малын жыл он екі ай күйлі ұстап келеді. Әрі бұл үрдіс табиғат сыйын тиімді пайдаланудың далалық заңы десек те болғандай. Атакәсіпті тұрмысына арқау еткен жетісулықтар түлік басын еселеп өсіруде.
Қазір дала төсін қалың қар басқан кезде ауылдағы шаруаның күйбең тірлігі артқан. Жаз қамданған ағайын қысқы азығын уақытында әрі тиімді үйлестіру арқылы еңбегін еш етпейді. Осындай оңтайлы тірліктің нәтижесінде ауыл шаруасы отбасын асырайды һәм несібесін арттырады. Көксу ауданына қарасты Айнабұлақ ауылында «Шалқар» шаруа қожалығы осындай тірлік қамы үстінде. Қысқы мал мен жанның қамы қызу. Қытымыр күндерде қолға қараған түлік басын күйсіз етпеудің қамы. Шаруалар мүйізді ірі қараларға шөп пен жем сала жүріп, екі-үш айлық Зеңгібаба тұқымының да күйін келтіруде. Осындай шаруалардың бәрін үйлестіруші Наурызбай Сербол ауыл тіршілігінің күйбеңсіз өтпейтінін алға тартуда. Айтуынша, еңбексіз жер өнімсіз. Бірақ, мал санының артуы мен күйлі болуы, жас төлдердің қатайып, отбасының несібесі артуы жердің де, еткен еңбектің де өтеуі барын аңғартады.
– Отбасылық кәсіпті тарихи Отанымызға оралғанда бастадық. Екі баламмен мал басын көбейтіп, атакәсіппен айналысуға көштік. Қазір шаруаға немерелер араласа бастады. Олар мұндай еңбектен жауапкершілік пен еңбексүйгіштікке үйреніп, Жер-ана тарту еткен сыйға құрметпен қарауға дағдылануда. Әрбір адамның мұраты осы емес пе? – дейді Наурызбай ақсақал.
Біршама жыл бұрын шаруа отбасы алғашында 10 гектар жерге қол жеткізіпті. Содан бері тынымсыз еңбекпен келеді. Күндіз-түн тынымсыз жүріп, мал басын көбейтіп, сол төрт түлікке қора салыпты. Жер төсін жыртып, мал азығын егуді қолға алыпты. 50-60 бас түлік басы бүгінде 400-ге жеткен. Үйір жылқы да бар қазір. Осындай мал басына қысқы азық табу да оңай шаруа емес. Наурызбай ақсақалдың шаңырағы егістіктен жиған азықтан бөлек, жемшөпті сатып та алады. Бірақ, осындай шығындардың есебін келтіруге де қам жасалуда. Шаруашылық қорасында он шақты әулиекөл тұқымды бұқалар тұр. Олардан төл алу арқылы қысқы жемшөп алуға жағдай жасауға болады. Асыл тұқымды мал басына мемлекеттен субсидия беріледі. Мұнан өзге қожалықтың мәселесі жоқ. Екі бақташы мал жайылымына септесуде. Жеке скважина ақсақал дөңгеленткен кәсіпте судан таршылық көрсетпеуде.
– Биылғы қыс қыңырлық танытпады. Жылымық болды. Бұл өз кезегінде біз секілді шаруаларға Құдайдың қарайласуы деп білдік. Күйлі малдың еті тез өтуде. Тұтастай алып кетуде сатып алушылар, – дейді шаруашылық басшысы.
Атакәсіпті арқау еткен көксулық шаруа отбасының болашаққа жоспары үлкен. Мал санын көбейту, асыл тұқымды төл өсіру, сол арқылы отбасының несібесін еселеу. Наурызбай ақсақал сан ғасырдан жалғасқан кәсіпті ұрпағы өрбітеді деген ойда. Осыдан-ақ, «Адам ұрпағымен мың жасайды» тәмсілінің мән-мағынасы ашылатындай.
Дастанбек САДЫҚ
Көксу ауданы





