Бөлексаз ауылының тұрғыны Ерлан Ақаш отыздан енді ғана асқан. Шаңырағында Ердана, Ақмейір, Еркебұлан, Жаңанұр секілді 3 ұл, 1 қыз өсіп келеді. Кішкентай Жаңанұр екіге толыпты. Олар – Ерланның еңбекқор әкесі Ақаш пен он саусағы өнерге толы Айшадай анасының сүйкімді, алтындай немерелері.
Біз ауылдың шет жағында орналасқан еңселі үйдің жанына келдік. Көзің бірден үйдің маңындағы мал қораларынан бөлек мая-мая шөпке түседі.
– 2012 жылы атамекенімізді аңсап жүріп көшіп келгенбіз. Бұл іске әкем Ақаш мұрындық болды. Қытайда да шаруамыз жаман болған жоқ. Малға жайлы Бөлексаз ауылына көшіп келіп, бос тұрған осы үйді сатып алдық. Оған күрделі жөндеу жұмыстарын жасадық. Атамекенімізге келгелі алға қойған мақсаттарымыз шетінен орындалуда. 2013 жылы «Шыңғыс» атты шаруа қожалығын құрдық, – деген еңбекқор Ерланның сөзіне сүйенсек, жергілікті сиырдан көңілдегідей сүт те, ет те алынбайды екен. Төлдерінің де тұрқы шағындау келеді. Сол үшін шаруашылық өткен жылы ет бағытындағы «Ангус» бұқасын жарты миллион теңгеге сатып алған. Одан бөлек, 25 сиыр сатып алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде.
Мал тұқымын асылдандырсам деген ниетте игілікті ісін бастаған Ерланның биылғы мақсаты – мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істеу. Оған ауыл әкімі көптен-көп қолдау көрсетіп, тиісті жұмыстарына көмектескелі отыр. Мемлекет тарапынан несиеге тиісті қаражат берілсе, қосымша асыл тұқымды бұқа сатып алады. Сондай-ақ, мал бордақылау алаңдарын ашуды көздеп отыр. Бәрекелді!
Ерлан Ақаш басқаратын «Шыңғыс» шаруа қожалығында жылқы да, қой-ешкі де өсірілуде. Оның бәрін төлімен көбейту жоспарында бар. Ақ дастарқандары сүт өнімдеріне толы. Құрт, май, ірімшік өздерінен. Жаз маусымында бие байлап, қымыз өндіреді. Сұраныс иелерін де ренжітпейді. Күздегі қымыздарын арнайы ыдыстарға құйып, қысқа сақтап қойыпты. Қонақ келсе, шақырса осы қастерлі сусындарын ұсынады.
Ерланның өмірлік жары Әтірхан да даланың, үйдің шаруаларына төселіп алған. Бір қолымен бесікті тербете жүріп, күнделікті шаруасын тап-тұйнақтай жүргізеді. Біз Ерландай азаматқа бастаған ісің баянды болсын деген тілек тілеп, тарқастық.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы





