Аудан әкімінің әңгімесінен кейін Мұқыры ауылдық округіндегі ұлттың ұлы мұрасын ұлықтаған ерекше кәсіптің ордасына бет түзедік. «Хамит» шаруа қожалығына қарасты тігін шеберханасы 10 жылдан астам уақыт бойы киіз үй жасаумен айналысып келеді. Еңбектің төресі саналатын істі дөңгелентіп отырғандар – он екі адамнан құралған еңбек ұжымы.
Шеберхана жетекшісі Жанаргүл Дәулетхан ұлттық қолөнерге жан бітіріп, заманға сай бейімдеп жүргендердің бірі. Ол киіз үйдің сыртқы пішініне ғана емес, ішкі көркемдеуіне де ерекше мән береді. Киіз басуға, кереге, уық, шаңырақтан бөлек, жеке жабдығын дайындауға қолданылатын маталарды арнайы тапсырыспен әкелетіндіктен әр үйдің сыртқы келбеті талғамға қарай түрленіп, эстетикалық талаптарға сай жасалады.
Заманауи ақпараттық алаңды пайдалана білген шеберлер өз еңбектерін әлеуметтік желілер арқылы насихаттап, арнайы парақша ашып, қажетті аудитория қалыптастырыпты. Сұраныс та аз емес. Бағасы – көлеміне қарай әртүрлі. Төрт метрлік шағын түрі шамамен 280 мың теңгеден басталса, көлемі 15 метрге жететін ең үлкен нұсқасы миллионнан жоғары тұрады. Демек, ұлттық өнер талғамға сай өріс тауып отыр.
9 жыл бойы осы кәсіптің басы-қасында жүрген шеберхананың тәжірибелі қызметкері Жолдықан Зиодіннің әр сөзі ұлттық шеберліктің көне көзіне жетелегендей әсер қалдырады.
– Бір күнде он екі адам жұмылып, екі киіз үй тігеміз. Матаны үш қабаттап саламыз. Қалыңдығы тапсырыс иесінің сұранысы бойынша өзгеріп отырады. Бала кезден киіз үйде туып-өскендіктен осы кәсіпке жақынмын. Сол дәстүрді жалғап келемін, – дейді ол.
Белбеуі бекем қазақы дүниені жаңғыртып, нарыққа бейімдеген бұл ұжым ұлттық болмыстың үзілмеуіне қызмет етіп отыр. Шеберлердің тынымсыз әрекеті – киіз үйдің қастерлі мәнін сақтап қана қоймай, оны бүгінгі өмір салтымен үйлестірген шынайы еңбек үлгісі. Ұлы Дала ордасына айналған баспананың осылайша жаңғырып, қайта сұранысқа ие болуы – ұлттық мәдениеттің қайта түлегенінің белгісі. Мұқырыдағы шеберхана соның айғағы.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





