Облыс орталығы Талдықорғанға көшіп келгендегі қаланың жағдайын білетін тұрғындар бүгінгі түрленген келбетін көріп еріксіз таңғалатыны белгілі. Әрине, бұл үшін қалалықтар жанын сала еңбектенді. Әсіресе, осындай керемет жағдайға жетуге құрылыс саласындағы құрышқолды жұмысшылар мен құрылыс компанияларының үлесі аз болған жоқ. Соның ішінде Талдықорған облыс орталығы болуымен бірге іргесі қаланып, іргелі істер атқарған “Шымыр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ерекше атауға болады.
«Шымыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тапсырыс бойынша құрылыс материалдарын әзірлейді. Сонымен бірге, көпқабатты үй құрылыстарын салумен де айналысады. Басқасын айтпағанның өзінде “Шымырлықтардың” тері сіңген Қаратал жағалауындағы аллея бүгінде қалаға көрік берумен қатар тұрғындардың бос уақытында тынығып, көңіл сергітіп қайтатын демалыс орнына айналды. Одан бөлек, қала көркін ашқан бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерге қолданылған құрылыс материалдарының да “шымырлықтардың” қолынан шыққанын білеміз.

Аталған серіктестікті құрған, барлық жұмысын жүйелеп отырған басшысы Руслан Валишанов бүгінде жұрт қамын жеп жүрген халық қалаулысы. Бірнеше мәрте Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты болып, өңірдің дамуына ықпал ететін талай игілікті жұмыстың басы-қасында болды.
Айта кетерлігі, аталған серіктестік тек құрылыс материалдарын өндіріп, мүсіндер жасап қоймай, түрлі қайырымдылық шараларына да мұрындық болып келеді. Қазір серіктестікте 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Жұмыс қарбалас болған тұста жұмысшы саны 500-ге дейін жетеді. Қала тұрғындарын қолдап, қашанда қиналған жандардың қасынан табылып жүрген Руслан Валишановты бәрі құрметтейді. Осы арқылы да жұртты жұмыспен қамтудың үлгісі болып келеді. “Еңбегі бардың өнбегі бар” деген осындайға айтылса керек.
Қажет АНДАС





