Бүгінде Балқаш ауданында 20-ға жуық ірілі-ұсақты жеке тұлға тұрақты қарбыз өсірумен айналысады. Солардың бірі – Бақбақты ауылының тұрғыны Радик Ан. Біз Радиктің қарбыз егілген алқабына арнайы бардық.
Өңірге танымал қарбызшының егіс алқабына атбасын бұрғанымызда ол өзінің 6 жасар қызы Катерина екеуі пісіп-жетілген қарбыздарды жинастырып жүрді. Қарбызшы бізді жылы жүзбен қарсы алып, өзінің кәсібі туралы айтып берді. Радик қарбыз егуді өзінің әкесінен үйреніпті. Бала жасынан жаз айларында егіс алқабына жиі барып, әкесіне қолқанат болып, қарбыз өсірудің қыр-сырын үйреніп, еңбекке ерте араласып, шыңдалыпты.
Мектеп бітіргеннен кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен соң әртүрлі мекемеде жұмыс істеп көреді. Бірақ ол өзінің атакәсібі қауын-қарбыз егумен айналысуды жөн санайды. Сөйтіп, ол көп ойланбастан егіс алқабынан жалға жер алып, қарбыз егумен айналыса бастайды. Алғашқы жылдары біраз қиындықтың болғанын да жасырмады. Десе де оның бәрін жеңеді. Сөйтіп, өзі сүйіп қалаған атакәсібінің жемісін көріп жүргеніне биыл 32 жылдың жүзі болыпты.
Биыл «Киз МТС» ЖШС-не тиесілі егіс алқабынан 18 гектар жер алып, оның 2 гектарына картоп отырғызса, қалған жерге қарбыз-қауын еккен. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін кезінде 20 адамды, ал күнделікті шаруаға 5 адамды жұмыспен қамтып жүргенін де айта кету керек. Кәсіп иесі пісіп-жетілген дайын өнімдерді аудан орталығындағы азық-түлік дүкендеріне өзі жеткізіп берсе, Алматы, Қапшағай қалаларынан жүк көліктері келіп, келісімшарт бойынша көтерме бағада сатып алады екен.
Пайдасы шаш етектен болмаса да, «кәсібім – нәсібім» деп еңбектің қарақазанын қайнатып, маңдай терін төгіп, табысқа кенеліп жүрген қарбызшы атакәсібінен қол үзбейтінін әңгіме арқауына айналдырды.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы





