Зәйт Сәйділхан мемлекеттік бағдарламамен кәсібін кеңейткен кәсіпкерлердің бірі. Көп жыл бойы есепші болып қызмет атқарып, кейін қолөнер ісіне бет бұрған.
Ол 2019 жылы Текелі қаласындағы кәсіпкерлер палатасы мен Жұмыспен қамту орталығына жүгініп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерінің оқыту жобасына қатысты. Оған дейін ол үйінде кішігірім цех ашып, зергерлік бұйымдар жасай бастаған.
– Зергерлік бұйымдарды жасау ісіне ертеден қызығатынмын. Алғашында әйелім мен балаларыма сыйлық ретінде дайындап жүрдім. Кейін ағайын-туыстан тапсырыс түсе бастады. Кәсіптің көзін тауып, жаңа құралдар мен материалдар алғым келді. «Атамекеннің» қолдауымен бизнестің оқуын оқып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 айлық есептік көрсеткіш грант жеңіп алдым», – дейді кәсіпкер.
Зейт Сәйділхан бұл қаражатқа зергерлік бұйымдарға қажетті жабдықтарды сатып алды. Кәсіпкер алтын мен күмістен білезік, сырға, жүзік, алқа, бәкі, ат әбзелдері сияқты әшекей бұйымдарын сәндеп жасайды. Әзірге айына 10-15 өнім дайындайды. Кәсібін көмекшісімен бірге үй ауласындағы цехта жүргізіп отыр. Кәсіпкер алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге ниетті.
Айта кетейік, облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін 3,1 мыңнан астам жұмыссыз және жас кәсіпкер оқыған. Жоба бойынша өткен жылы және биыл оқығандарды қоса алғанда 1200-ден аса бизнес-жоба грант пен жеңілдетілген несие алды.
А. Ыбырай
Текелі қаласы





