Тәуелсіздік күні карсаңында Үштөбе қаласындағы бұрынғы киіз үй комбинаты орналасқан аумақта жүн өңдеу цехы іске қосылды. «Отау-Үштөбе» ЖШС қолға алған игі істің ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Исабеков қатысты.
Ерлан Шойұлы жаңа ашылған кәсіпорын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатынын атап өтті. Сағатбек Амергалинов басшылық ететін «Отау-Үштөбе» ЖШС бастапқы кезеңде 60 млн. теңге инвестиция тартып, 10 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етті. Болашақта жұмысшылар санын арттыру көзделіп отыр.
– Технологиялық карта бойынша күніне 400 келі жүн өңдеуді жоспарлаудамыз. Қазір 5 тонна шикізат бар. Қосымша 10-15 тонна жүн дайын тұр. Қаражат мәселесі шешілсе, қажетті құрал-жабдықтар алып, өндіріс көлемі мен тауар түрлерін көбейтеміз, – дейді «Отау-Үштөбе» ЖШС кеңесшісі Тұрсын Идришев.
Айта кетейік, бұл жерде кезінде бүкіл Қазақстанды ғана емес, басқа да көршілес елдерді жайлы баспанамен қамтамасыз ететін атақты Үштөбе киіз үй жасау комбинаты жұмыс істегенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Қазақтың киіз үйі жоғары сұранысқа ие болып, өндірісте мыңдаған адам жұмыс істеп, қаланың даңқы дүрілдеп тұрды.
Тарихқа жүгінсек, 1961 жылы Қаражал құрылыс материалдары зауытындағы шағын, арнаулы цехтың негізінде ұйымдастырылып, бастапқыда «Киіз үй фабрикасы» деп аталыпты. Сөйтіп, Үштөбе қаласында малшыларға арналған киіз үй жасала бастайды. 1965 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 689 қаулысына сәйкес аталған кәсіпорын Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігінің қарауына көшеді.
Алғашында есік дайындайтын, киіз басатын және механикалық үш учаске жұмыс істеді. Мұнда киіз үй қаңқасын дайыңдау үшін қиылған ағаш материалдары мен тал пайдаланылды. 1967 жылы Үкімет қаулысымен жылына 15 мың қазақ үй жасауға мүмкіндік беретін жаңа өндірістік технология іске қосылды. Кәсіпорын үйден басқа киіз, гофрокартон, құрылыс жабдықтарын, орындықтар, ұлттық ою-өрнегі бар дөңгелек үстелдер, әртүрлі жиһаз, ат әбзелдерін, басқа да тұрмыстық бұйымдарды шығара бастады. Комбинаттан шыққан киіз үйлер беріктігімен, әсемдігімен және пайдалануға қолайлығымен ерекшеленді.
Нарық заманына аяқ басқан сәтте кәсіпорын жекешеленіп, киіз үй жабдықтарын жасайтын станоктар кесіліп, темір-терсек қабылдайтын орынға өтіп кетті. Бүгінде ілкімді істі қолға алған аудан азаматы киіз үй жасайтын ойы бар екенін айтады.
– Болашақта өндіріске қажетті құрылғылар алмақшымыз. Қазір екінші деңгейлі банктермен келіссөз жүруде. Жүн өндеуден бастап дайын тауар шығаруға дейін қажетті құрал-жабдық алып, қосымша 2-3 цех ашып, түбіттен жасалған өнім шығармақпыз. Киіз басып, қазақы нақышта оюлы тауар түрлерін шығару ойда бар. Меринос қойының жүнін жинап, жуып, тоқыма киім үлгілерін жасап, кәдеге жаратқымыз келеді. Жоспар көп. Қаражат мәселесі қолбайлау болып тұр. Іс алға басса жазғытұрым жергілікті халықтан жүн қабылдауымыз мүмкін. Келешекте киіз үй құрастыруды мақсат тұтудамыз, – дейді Сағатбек Амергалинов.
Сағатбек Құдайбергенұлының айтуынша, бүгінде шикізат дайындау, тауарды өткізу бойынша шетелдік әріптестерімен бір келісімге келген. Кәсіпорын жұмысымен танысқан аудан әкімдігінің өкілдері алдағы уақытта өндірісті дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді.
Асхат Өмірбаев
Қаратал ауданы





