«Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен белсенді ауыл жастарын қолдауға арналған «Jer gannaty Jetіsý» атты облыстық бизнес жобалар байқауы өз мәресіне жетті. Осыған орай Атамекен кәсіпкерлер палатасында байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Шарада облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов сөз алып, жас бизнесмендерді жеңісімен құттықтады.
– Биыл еліміз үшін ең қастерлі мереке – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Отыз жылдық мереке қарсаңында бүгін Жетісу жерінің жалынды, белсенді жастарын «Jer gannaty Jetіsý» жобасы жеңімпаздарын марапаттау салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Облысымызда 14 пен 29 жас аралығындағы 400 мыңнан астам жастар бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, жастар барлық игі бастамалардың қасында жүруі тиіс. 2020 жылдан бастау алған ауылдық елді мекендердегі жастар үшін ұйымдастырылған «Jer gannaty Jetіsý» жобасының маңыздылығы артып келеді. Жоба – ауыл жастарына өз кәсіптерін бастау үшін оқыту және гранттар бөлу арқылы кәсіпкер жастар арасында бизнес-идеяны жүзеге асыру қызметін насихаттауға бағытталған, – деп жылы лебізін білдіріп жеңімпаздарды марапаттады.
Жобаға 30-ға жуық әлеуметтік және бизнес жобалар келіп түсіпті. Жастардың жұмысын қазылар алқасы іріктеп, нарықта сұранысқа ие болатын 10 жеңімпаз анықтапты. Әр жеңімпазға бизнес-жобасы бойынша кәсібін бастау үшін 600000 теңге көлемінде сертификат табысталды.
Жиын соңында жеңімпаздар сөз алып, жастарға қолдау білдіріп отырған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
А. НАЗАРҰЛЫ
Сурет ғаламтордан алынды





