ҚР ҰҚК Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасында «Застава Тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу облысы бойынша филиалына қарасты Панфилов аудандық секциясының жиналысы өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиын барысында секция төрағасы, запастағы майор В.Байромян атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты есеп беріп, өткен кезеңде жүзеге асырылған іс-шараларға тоқталды. Сонымен қатар алдағы уақытқа арналған жоспарлар ұсынылып, секция қызметін одан әрі жетілдіру бағыттары сөз болды.
Іс-шараға Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Қ.Досмұхамбетов, полковник О.Юсупбаев, сондай-ақ «Застава Тарландары» РҚБ Жетісу облысы бойынша филиалының өкілі Ж.Усенова қатысып, ұйым жұмысының маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар шекара қызметінің ардагерлерін қолдау, олардың тәжірибесін жас буынға үлгі ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесу барысында ұйым қызметінің негізгі бағыттары, шекара қызметінің ардагерлерімен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ жастарға патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштік рухты қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын соңында бірқатар ұсыныстар айтылып, алдағы бірлескен жұмыстар бойынша ортақ пікірге келінді.




