Қайырымдылық қорын басқарған Перизат Қайрат алаяқтық үшін 10 жылға сотталғанымен, қазірге дейін колонияда жұмысқа орналаса алмай отыр.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылғы қазанда ішкі істер вице-министрі Абай Қайырбеков Перизат Қайратты жұмыспен қамту мәселесі оның қабілет-дағдысына және түзеу мекемесінде бос жұмыс орындарының болуына байланысты шешілетінін айтқан болатын.
Жағдайдың қалай өрбігенін нақтылау үшін Tengrinews.kz редакциясы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдаған. Комитет жауабына сәйкес, Перизат Қайрат әлі күнге дейін жұмыссыз.
«Сотталған азаматша сот шешіміне сәйкес жазасын өтеп жатыр. Қазіргі уақытта мекемеде бос жұмыс орындары болмағандықтан, ол еңбекке тартылмаған», – делінген ҚАЖК жауабында.
Сонымен қатар комитет Перизат Қайраттың қай колонияда жазасын өтеп жатқанын атаудан бас тартты. Дегенмен, ҚАЖК мәліметінше, сотталған азаматтар 48 түрлі мамандықтың бірін меңгере алады. Атап айтқанда, колония жағдайында аспаз, сәнгер, ара өсіруші сияқты кәсіптерді игеруге мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, 34 бағыт бойынша қысқамерзімді оқыту курстары қарастырылған. Комитет өкілдерінің айтуынша, сотталған әйелдер арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында тігінші, шаштараз, визажист, кондитер және пішуші-тігінші бар.
«Әр адамның еңбек етуге, сондай-ақ қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдауға құқығы бар», – деп атап өтті ҚАЖК өкілдері.
Еске салайық, Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы әрі Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал болған.
2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлаған еді. Ал биыл 25 шілдеде ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Перизат Қайраттың анасы 7 жылға сотталды.





