Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Sunwah Group корпорациясының төрағасы, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің тұрақты мүшесі, Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасының төрағасы Цай Гуаньшэньмен кездесті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Президент Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Ол 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин алғаш Астанада ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының табысты іске асырылып жатқанына назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының қарқынына жоғары баға беріп, Қытай бүгінде Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін, тауар айналымы жыл сайын рекордтық деңгейге жетіп отырғанын атап өтті. Әңгімелесу барысында инвестициялық ықпалдастыққа баса мән берілді. Президент Қазақстан шетелдік инвестицияларды тартуға жағдай жасап, бірлескен стратегиялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлем жасанды интеллектінің белсенді даму кезеңіне қадам басқанын айтып, бұл салада Қытай көш бастап тұрғанын атап өтті. Қазақстан Қытай тарапымен аталған бағытта ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.




