Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы Бас прокурор Берік Асыловтың басшылығымен Қазан қаласында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің 36-отырысына қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиында Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның прокуратура органдарының басшылары активтерді іздеу және шетелден қайтару саласындағы заманауи сын-қатерлер мен оларды шешу жолдарын талқылады. Сонымен қатар халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Қатысушылар қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық шарттарды қолдану, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру бағытында тәжірибе алмасты.
Қазақстанның Бас прокуроры өз сөзінде активтерді қайтару бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, соңғы үш жылда мемлекетке 2,8 млрд АҚШ доллары көлемінде актив қайтарылған. Қайтарылған қаражат денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және білім беру салаларын қоса алғанда, 466 әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысына бағытталған.
Отырыс қорытындысында заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бағытындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға арналған бірқатар құжатқа қол қойылды. Оның ішінде терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісім де бар.
Сапар аясында Қазақстан делегациясының басшысы Ресей, Беларусь және Қырғызстанның бас прокуратураларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулерде өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Беларусь және Ресей бас прокуратураларымен 2027–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламаларына қол қойылды. Құжаттар прокурорлық қызметтің түрлі бағыттары бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу мен тәжірибе алмасуды көздейді.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның бас прокуратуралары арасында активтерді қайтару саласындағы Серіктестік және ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Құжат екі елдің құзырлы органдары арасындағы бірлескен жұмыстың практикалық тетіктерін дамытуға бағытталған.





