Мәжіліс кулуарында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасы туралы пікір білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Вице-министрдің айтуынша, әйелдердің зейнет жасын көтеру біртіндеп жалғасады. Бұған дейін бұл процесс уақытша тоқтатылған болатын, алайда заңнамаға сәйкес, әйелдер ерлермен тең дәрежеде – 63 жасқа дейін біртіндеп зейнетке шығатын болады.
«Бұл шара болашақ зейнетақы төлемдерінің көлеміне байланысты. Адам жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым ұзақ қатысса, оның болашақ зейнетақысы соғұрлым жоғары болады», – деп атап өтті Шегай.
Сонымен қатар, Қазақстанда егде жастағы әйелдерді жұмыспен қамтуды қолдау шаралары күшейтілуде. «Күміс жас» бағдарламасы іске қосылды, ол жұмыс берушілерге тәжірибелі қызметкерлерді тарту үшін жалақының бір бөлігін субсидиялауды қарастырады. Қайта оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламалары да жүзеге асырылуда.
Вице-министр 2028 жылдан кейін зейнет жасын көтеруге жарияланған мораторийді ұзарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ екенін жеткізді: «Биыл бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ».
Қазіргі кезде Қазақстанда зейнет жасы ерлер үшін 63 жас, әйелдер үшін – 61 жас болып белгіленген. Әйелдердің зейнет жасын көтеру уақытша 2027 жылдың аяғына дейін тоқтатылған. 2028 жылдан бастап ол қайтадан кезең-кезеңімен өседі: 61,5 жасқа, содан кейін жыл сайын өсіп, 2031 жылы 63 жасқа жетеді. Осылайша, әйелдердің зейнет жасы ерлермен теңеседі.
Бұл норма зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтау және төлемдердің лайықты деңгейін қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты.





