Ranking.kz жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі өз қаражатын Halyk Bank-те сақтайды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жыл басындағы деректерге сәйкес, Қазақстан банктеріндегі жалпы депозит көлемі 48,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,2 трлн теңгеге немесе 14,6%-ға артық. Оның ішінде жеке тұлғалардың салымдары 28,2 трлн теңгені құрап, жалпы көлемнің 58%-ын иеленсе, заңды тұлғалардың депозиттері 20,5 трлн теңге немесе 42%-ды құрады.
Halyk Bank – нарықтағы абсолютті көшбасшы
Салым көлемі бойынша абсолютті көшбасшы – Halyk Bank. Бір жыл ішінде банктегі депозиттер 1,3 трлн теңгеге өсіп, 13,9 трлн теңгеге жеткен. Бұл – елдегі барлық банк салымдарының шамамен 29%-ы. Жеке тұлғалардың салымдары 7,8 трлн теңгеге дейін өсіп, 741,4 млрд теңгеге артқан. Ал бизнес сегментіндегі депозиттер 6,1 трлн теңгеге жетіп, 576,5 млрд теңгеге көбейген.
Halyk Bank екі бағытта да көш бастап тұр: халық салымдарының 28%-ы және заңды тұлғалардың 30%-ы осы банкке тиесілі. Депозит портфелінің құрылымы да теңгерімді – 55,9% жеке тұлғалар, 44,1% заңды тұлғалар.
Сарапшылар мұндай өсімді банкке деген жоғары сеніммен байланыстырады. Салымшылар үшін бұл – тұрақтылық, ашық шарттар және түсінікті қаржылық өнімдер, ал экономика үшін ішкі қаржыландыру көздерінің кеңеюі мен жинақ мәдениетінің нығаюын білдіреді. Халықаралық инвестициялық рейтингтер де Halyk Bank-тің ел экономикасындағы маңызды рөлін растап отыр.
Банк ЦентрКредит – екінші орында
Жылдық өсім бойынша екінші орында Банк ЦентрКредит орналасқан. Банктің депозиттік портфелі 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 6,5 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде жеке тұлғалардың салымдары 3,3 трлн теңге болса, заңды тұлғалардың депозиттері 3,2 трлн теңгені құрайды. Портфель құрылымы да теңгерімді: 51,7% – жеке тұлғалар, 48,3% – заңды тұлғалар.
Kaspi Bank – үздік үштікте
Ал үздік үштікті Kaspi Bank түйіндейді. Банктегі салым көлемі бір жылда 1,1 трлн теңгеге өсіп, жалпы 7,9 трлн теңгеге жеткен. Kaspi Bank негізінен бөлшек сегментке бағытталған: халық салымдары 7,8 трлн теңгені құрап, жалпы портфельдің шамамен 89%-ын алады. Ал бизнес салымдары 887 млрд теңге немесе шамамен 11%-дан сәл асады.
Жалпы алғанда, депозит нарығындағы бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың қаржы институттарына деген сенім деңгейі жоғары екенін және банк жүйесінің тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады.





