Қазақстанда некеге тұрғандар саны азайды. Ұлттық статистика бюросы дерегіне сәйкес, 2025 жылы шамамен 115 мың неке тіркелген, некелесу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 5,69 болды. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда аз: 2024 жылы – 123,6 мың, 2023 жылы — 120,8 мың, 2022 жылы – 128,3 мың.
Қалалық жерде 78,9 мың неке тіркелсе (68,1 пайыз), ауылдық жерде – 37 мың (31,9 пайыз). Некеге тұрған ер адамдардың орташа жасы 27 жас 9 ай, әйелдер – 25 жас 3 ай.
2025 жылы некелесу көрсеткіші ең жоғары болған өңірлер:
- Астана – 1000 адамға 6,75;
- Қарағанды облысы – 6,32;
- Шығыс Қазақстан облысы – 6,27.
Ең аз неке Қызылорда облысында тіркелген (1000 адамға 5,06).
Отбасын құрған әрбір үшінші қазақстандық үшін бұл алғашқы неке болған.
«Ер адамдар арасында алғаш рет некеге тұрғандардың үлесі 77 пайыз, әйелдер арасында 78 пайыз болды. Ажырасқаннан кейін некеге қайта тұрғандардың үлесі ер адамдар арасында – 22 пайыз, әйелдерде – 21 пайыз», – делінген бюро хабарламасында.
Некенің басым бөлігі жаз айларында тіркелген. Осы үш айда 37 мыңнан аса жұп қарым-қатынасын ресми түрде тіркеді: маусым – 11 848, шілде – 12 955, тамыз – 12 418.
Ажырасу мәселесі
2025 жылы 45,7 мың жұп ажырасқан.
«Қалалық жерлерде 34 мың (74,4 пайызы) ажырасу тіркелса, ауылдық жерлерде — 11,7 мың (25,6 пайыз)», – дейді ұлттық бюро өкілдері.
Ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24 болды. Ең көп ажырасу тіркелген өңірлер:
- Павлодар облысы — 3,43;
- Қарағанды облысы — 3,41;
- Солтүстік Қазақстан облысы — 3,28.
Ажырасудың ең төмен деңгейі Түркістан облысында — 1000 адамға 1,03.
Көбіне жұптар үйленгеннен кейін 1-4 жыл ішінде ажырасады (35 пайыз), бірінші жылы-ақ ажырасқандар үлесі 8 пайыз.
Дереккөз: Tengri Life





